Әр адам есі кіре бастағаннан дүниені танып-білуге, үйренуге талпы-нады. Бір қызығы, бұл дүниеден хабарсыз жаңа туған сәбиден есейе келе, әлемді аузына қаратқан дана да, ойшыл да шығады. Осынау ақыл толыстырып, білімін шыңдау сапарын-да ол бір адамға ерекше қарыздар екенін сезінеді. Ол – ұстаз.
Түркістан облысы, Жетісай ауданындағы №71 жалпы білім беретін мектебінде 361 оқушы болса, оларға 60 ұстаз білім-тәрбие беруде.
Ерекше атап өтер жайт, мектепте пән бірлестіктері білім көрсеткіштері бойынша өзара жарысқа түскен. Нәтиже бар. Атап айтар болсақ, мектепті бітерген 32 түлектің 4-еуі «Алтын белгі», 3-еуі «Үздік аттестат» иегері атанса, 22 оқушы мемлекеттік грант арқылы жоғары оқу орнына түскен. Білім сапасы жоғары. Мұғалімдер мен оқушылардың жетістіктері де жетерлік.
Жуырда пән бірлестіктерінің жұмысы қорытындыланып, мектеп директоры Сарыбаев Әмзе 2024 жылдын үздік ұстазы Шораев Нүриддинге тиісті диплом мен демеушілер есебінен Өзбекстан Республикасының Самарқан қаласына тегін жолдама табыстады.
Тағы бір жағымды іс – «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында мектепте оқырмандар байқауы ұйымдастырылған. Байқау қорытындысы оқу жылының сонына қарай шығарылады. Жеңімпазға демеушілер есебінен дайындалған 2 велосипед және өзге де сыйлықтар тапсырылады.
Ұстаздық қасиет – адамгершілікті, шыдамдылықты, сабырлылықты талап етеді. Міне, осы үдеден шығып жүрген, ұстаз деген қасиетті атқа лайықты жандар көп арамызда. Екіншіден, қазір қоғамда «Мұғалім – қолжетімді мамандық» деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Әрі оқу орнына түскісі келген талапкерлердің арасында «Балым жетпесе, педагогикаға тапсыра саламын» деп көзсіз адасатындар көп. Бұл – өріссіз ұғым. Адам мұғалімдікті жан-тәнімен қалауы тиіс. Оны ішкі түйсігің мақұлдап, әр сәт өміріңді ұстаздық қызметпен байланыстыруың қажет. Ұрпақ тәрбиелеу, білім беру – жауапты іс. Осы ұлы міндетке ерекше талпыныс пен ұмтылыс болмаса, мұндай мұғалімнен қандай шәкірт тәрбиеленіп шығатыны айтпаса да түсінікті. Қазақта «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген орынды айтылған сөз бар.