Бүгін Жетісай ауданы ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында сенбілік өткізілді.
Арнайы белгіленген учаскі толығымен қоқыстан тазартылып, қураған шөптер шабылды.
“Таза Қазақстан” акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Бүгінде бұл шараға ерікті жастар мен белсенді студенттер ғана емес түрлі мекеме қызметкерлері мен ғалымдар да атсалысуда. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты жүргізілуде. Бекітілген кесте бойынша бүгінгі таңда облыс көлемінде жалпы 800-ден аса ауқымды сенбілік өткізілді. Оған 299 мыңнан астам тұрғын атсалысып, 1500-ден аса техника жұмылдырылды. Сондай-ақ 1 миллионнан аса ағаш отырғызылып, 3 мың тонна қоқыс шығарылды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Өңір басшысы тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырып, бұл бағыттағы жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастыру керектігін айтты. Сонымен қоса елді мекендерде тазалықты сақтау, экологиялық сауаттылықты көтеру, түсіндіру жұмыстары жалғаса беретінін жеткізді.
Жиында облыс әкімінің бірінша орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты қадағалауда тұр.
Бүгінгі таңда осы бағдарламаның өңірдегі «Телеграмм бот» платформасына 859 өтініш пен хат түскен. Оның ішінде, 852 өтініш орындалған. 7 өтінім мағынасыз болғандықтан қайтарылған. Былтырдан бері қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 26 702 мыңнан астам хаттама толтырылған, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып отыр. Жалпы 318,5 млн теңгеге айыппұл салынған. Бұл бағдарлама бойынша жұмыс жалғасады.Айта кетейік, облыста «Таза Қазақстан» тазалық шарасы басталғалы өткізілген іс-шараларға 80 мыңға жуық ерікті қатысқан. Сондай-ақ, 17 аудан, қала көлемінде 92 мыңға жуық ағаш көшеттері және 10 мыңға жуық гүл отырғызылып, 1 174 тонна қоқыс шығарылған. Сонымен қатар, 198 киелі-мекендерде, көше бойларындағы ағаштарды әктеу, сырлау жұмыстары атқарылып, қоқыс қалдықтары шығарылды. Бұдан өзге, Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер ассоциациясы құрылып, «Бұл – сенің өңірің» акциясы негізінде 500 жастың қатысуымен тимбилдинг ұйымдастырылды.