Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллект, блокчейн, заттар интернеті (IoT) және Үлкен деректер (Big Data) сияқты жаңа тұжырымдамалар мен технологияларды кеңінен енгізу ауыл шаруашылығысаласынан қаржы саласына дейінгі барлық салаларда ойын ережелерін өзгертуге әкелетінін атап өтті.
Есте болса, “Turkistan” телеарнасы жасанды интеллект арқылы алғашқы қазақ мультфильмін дайындап шығарған болатын. Жаңа анимациялық туынды “Түркістан сақшылары” деп аталады. Идея авторы – телеарна қызметкері Ғасыр Құралбайұлы. Жасанды интеллектпен жұмыс істеуді жетік меңгерген маман мультфильмнің бірінші сериясын 7 күнде жасап шыққан. Ең қызығы – бірінші серияға бар болғаны 70 мың теңге қаржы жұмсалған.
Ғасырдың айтуынша, жасанды интеллект бағдарламасының ақылы нұсқасына жазылуға – 100 АҚШ доллары, анимациялық фильмнің саундтрегін жаздыруға 20 мың теңге жұмсалған. Сондай-ақ, ол мультфильмнің келесі сериялары дайындалып жатқанын айтты. Сондай-ақ, болашақта кинотеатрларда көрсетілетін толыққанды коммерциалық мультфильм түсіруді жоспарлап жүргенін айтты. Фильм сюжеті қасиетті қала Түркістанды қауіп-қатерден қорғап, балаларды адамгершілікке, мәдениеттілікке тәрбиелейтін мифологиялық кейіпкерлердің әрекеттерінен құралған. Олар, Ақпантер – жылдам әрі батыл барыс, Алтынқанат – бәрін байқағыш бүркіт, Тасбатыр ата – ғасыр жасаған ақылгөй тасбақа.
Ал Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицейіне жасанды интеллект енгізілді. «Алақан мектеп» жобасы деп аталатын турникет облыс бойынша алғаш рет жүзеге асырылды. Білім күніне орай осы меткепте облыстық Полиция департаментінің бастысы генерал-майор Мұрат Қабденовтың қатысуымен қауіпсіздікке қатысты жиын өтті. Білім ұясына келген облыстық Полиция департаментінің бастығы алдымен «Алақан мектеп» жобасымен танысты. Жаңа жобаның ерекшелігі, оқушының алақаны бағдарламаға енгізіледі. Бала мектепке келіп, турникетке қолын қойғанда есік өзі ашылады. Сол кезде ата-анасына «балаңыз мектепке кірді» деген хабарлама келеді. Бала мектептен шыққан кезде де солай. Тағы бір артықшылығы, сабаққа қанша баланың келгендігі туралы ақпарат автоматты түрде мектеп асханасына түседі. Аспазшылар соған қарап, ас әзірлейді. Мектеп басшылығы бұрынғыдай ысырапқа жол берілмейтінін айтты. Одан кейін департамент басшысы SOS батырмасын тексеріп көрді. Одан кейін шараға қатысушылар мектептің спортзалында оқушылармен кездесті. Мұрат Талапұлы балалар мен ата-аналарға оқушылар мектептен қайтқанда, жолдан өткенде қауіпсіздікті сақтаудың ережелерін түсіндірді.
Түркістандық оқушы жасанды интеллект қосымшасын жасап шығарды.