Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы бәсеңдеген емес. Биыл 86 нысанның құрылысын іске асыруға бюджеттен қаржы қаралды. Оның ішінде, 30 нысан – жаңа, 56-сы – өтпелі. Жыл соңына дейін 49 нысанды пайдалануға тапсыру жоспарланған. Қалған 37 нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстардың есебі тыңдалып, аталған нысандардың қазіргі жай-күйі баяндалды.
Аймақ басшысы жұмысты тиісті деңгейде орындамаған басқарма басшыларына, аудан, қала әкімдеріне ескерту жасап, құрылыс жұмыстарын өндірістік кестеге сәйкес жүргізуді тапсырды.
– Басты талап – жұмыстың сапалы әрі мерзімінде орындалуы. Әлеуметтік нысандар жергілікті халықтың иігілігіне қызмет етеді. Сондықтан ол ғимараттарда барлық жағдай қарастырылуы тиіс. Әкімдік тарапынан қажетті қаржы бөлінуде. «Сақалды құрылысқа» айналдыруға жол жоқ. 2025 жылға жоспарланған мемлекеттік сатып алу рәсімдерін шұғыл аяқтауды тапсырамын, – деген Нұралхан Көшеров құрылыс барысы қатаң бақылауда екенін жеткізді.
Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың мәлімдеуінше, өңірде 3 әкімшілік ғимараты салынуда. Түркістан және Сауранда бой көтеріп жатқан бұл ғимараттар жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылмақ. Білім саласында 17 нысан құрылысы жүргізілуде. Биыл 4 нысан пайдалануға тапсырылса, қалған 13 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі. Атап айтқанда, Мақтаарал ауданында 2 білім ұясы, Ордабасы ауданында 1 мектеп пен 1 музыкалық мектептің құрылысын осы жылы аяқтау келісілген. Жетісайда құрылысы былтыр басталған 1 дәрігерлік амбулатория биыл қыркүйек айында пайдалануға тапсырылады. Сауран ауданында 50 орындық оңалту орталығының құрылысы аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 18 мәдени нысанның құрылысы жоспарланып, жыл соңына дейін 6 нысанды пайдалануға тапсыру көзделуде. Спорт саласында 26 нысанның құрылысы жопарланып, оның 16-сы биыл аяқталмақ. Одан бөлек, 2 су нысанының құрылысы биыл, 2 нысанның құрылысы келесі жылы аяқталады.