(Фото: Қала әкімдігінің баспасөз қызметі)
Шымкент әкімдігінде чемпиондарға құрмет көрсетіліп, сый-сыяпат жасалды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков әлем және Азия чемпиондарымен жүздесіп, олардың тарихи жеңістерін ерекше атап өтті. Жиын мақтаныш пен қуанышқа толы әсерлі сәтке айналды. Спортшылар өздерінің жеңістері жайлы ой бөліссе, қала басшысы олардың жетістіктерінің тек Шымкент қаласы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін аса маңызды екенін жеткізді.
Айта кетейік, Ливерпульде өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Отандастарымыз жеті алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алып, ел спорты тарихында жаңа рекорд орнатты. Бұл жетістік Қазақстанның спорт шежіресінде алтын әріппен жазылатыны сөзсіз.
Осы жарыста ерекше көзге түскен ағайынды Сабырхандардың жеңісі көптің жүрегін тебірентті. Махмұд Сабырхан екінші мәрте әлем чемпионы атанып, тәжірибесі мен мықтылығын дәлелдесе, бар-жоғы 19 жастағы інісі Төрехан Сабырхан тұңғыш рет әлемдік доданың ең биік тұғырынан көрініп, қазақ спортының жаңа жұлдызы атанды. Бұл – бір отбасының ғана емес, бүкіл елдің қуанышы.
Шымкент спорты соңғы уақытта үздік жетістіктерімен ерекшеленіп жүр. Бангкокта өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Санжар-Әли Бегалиев алтын медаль иеленіп, ел мерейін үстем етті. Сондай-ақ тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Ғалымжан Темірбаев Абайдың 180 жылдығына арналған халықаралық турнирде жеңіске жетсе, Жұмажан Қожамбеков әскери спортшылар арасындағы қазақ күресінен әлем чемпионы атанып, өзінің мықтылығын тағы да дәлелдеді.
Бұл жеңістердің барлығы Шымкент спортының қарқынды дамып келе жатқанын, ал спортшылардың қажырлы еңбегі мен ерік-жігері олардың жаңа белестерді бағындыруына жол ашып отырғанын айқын көрсетеді.
Ерік-жігер, тәртіп пен спортқа деген адалдық қана осындай үлкен нәтижелерге жеткізеді. Жас спортшыларымыздың жеңістері өскелең ұрпаққа шабыт сыйлайды, ал олардың табыстары Қазақстанның әлемдік спорт аренасындағы беделін арттырады, – деді Ғабит Сыздықбеков өз сөзінде.
Спорттық додалардың жеңімпаздарына демеушілердің қолдауымен жаңа автокөліктер мен пәтер кілттері табысталды. Сонымен қатар бағалы сыйлықтар тарту етілді. Бұл игі дәстүр чемпиондардың қажырлы еңбегін бағалаумен қатар, спортқа деген ынтасын одан әрі арттыра түсері анық.
Жиын соңында қала әкімі чемпиондарды шын жүректен құттықтап, олардың бапкерлері мен тәлімгерлеріне алғысын білдірді. Ол жас спортшыларға жаңа жетістіктер мен алдағы додаларда жарқын жеңістер тіледі.



