Қыркүйек айының алғашқы жексенбісі елімізде ерекше мәнге ие күн – Еңбек күні ретінде аталып өтеді. Бұл мерекенің басты мақсаты – қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамдарының еңбегін дәріптеу, жастарды адалдыққа, еңбексүйгіштікке баулу.
Осыған орай Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық колледжінде студенттерге арналған тағылымды кездесу өтті. Шараға арнайы шақырылған маман – робототехника инженері Омар Нұрбек жастарға робототехника саласының болашағы, еңбек нарығындағы сұраныс пен жаңа мүмкіндіктер туралы кеңінен баяндады.
Кездесу барысында маман өз өмір жолымен бөлісіп, білім алудағы және еңбек ету барысындағы тәжірибесін айтып берді.
Қай салада еңбек етсең де, жетістікке жетудің жалғыз жолы – адал еңбек пен табандылық. Робототехника – болашақтың саласы. Бірақ мұнда жетістікке жету үшін үздіксіз ізденіс, білімге деген құштарлық және еңбекқорлық қажет. Жастардың артықшылығы – жаңа технологияны тез қабылдап, игеруге бейім. Сондықтан дәл қазірден бастап уақытты тиімді пайдалану маңызды.
Студенттер маманға түрлі сұрақтар қойып, робототехниканың өндіріс пен ауыл шаруашылығында, медициналық технологиялар мен тұрмыстық қызметтерде кеңінен қолданылып жатқанын білді. Маманның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда робототехникаға қызығушылық артып келеді. Бұл – еңбек нарығында жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жастардың сұранысқа ие маман иесі атануына жол ашады.
Жастарымыз робототехника мен инженерлік бағыттарды меңгерсе, еліміздің өндіріс саласы да, ғылым-білім саласы да жаңа деңгейге көтеріледі. Болашақта қарапайым жұмыс түрлерін роботтар атқаратын болады, ал оны басқарып, жетілдіретін – осы бүгінгі жас буын.
Кездесуге қатысқан студенттер шарадан алған әсерімен бөлісті. Олардың айтуынша, бұл кездесу үлкен мотивация болды. Спикердің еңбек жолы — бүгінгі жастарға.
Еңбек күніне орай осындай мазмұнды іс-шара өткізу – жастар үші үлкен мүмкіншілік. Робототехника – тек болашақ емес, қазіргі заман талабы.
Жалпы, Еңбек күні қарсаңында өткен бұл іс-шара студенттерді еңбекке, ізденіске, жаңа технологияларды меңгеруге шақырған тағылымды басқосу болды. Омар Нұрбек секілді еңбекқор мамандардың тәжірибесі мен өмірлік жолы жас буынға үлгі болып, олардың болашаққа деген сенімін арттырды.
Еңбек пен білімді ұштастырған жастар – еліміздің ертеңгі дамуының кепілі.



