(Видеодан скрин/Жастар ресурстық орталығы)
Шымкент қаласында жастарды қолдау бағытында жүйелі шаралар жалғасуда. Соның бірі – «Жастардан жастарға ақпараттық керуен» жобасы аясында Сайрам базарында ұйымдастырылған кең көлемді кездесу. Бұл бастама – жастардың кәсіби бағдарын айқындап, еңбекке баулу, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен таныстыру, кәсіпкерлікке қадам жасауға жол ашу мақсатында қолға алынған.
Қала тұрғындарына ең алдымен адал еңбек пен мамандыққа деген ынтаның маңыздылығы түсіндірілді. Қазіргі заманда еңбек нарығында тұрақты жұмыс табу үшін тек диплом жеткіліксіз, сонымен қатар кәсіби дағдыларды жетілдіру, тәжірибе жинақтау қажет. Осы тұрғыда мемлекет ұсынатын түрлі бағдарламалар жастарға үлкен қолдау болып отыр.
Жастар арасында сұранысқа ие бағыттардың бірі – жұмысқа орналасуға арналған мемлекеттік жобалар. Мәселен, «Жастар практикасы» бағдарламасы оқуын аяқтаған түлектерге мамандығы бойынша алғашқы тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы жас мамандар тұрақты жұмысқа орналасып, алғашқы кәсіби жолын бастайды. Бұл бастамалар жастардың уақытын босқа өткізбей, еңбекке араласуына нақты жағдай жасап отыр.
Ақараттық түсіндіру жұмыстары кезінде кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан жастар үшін арнайы мемлекеттік қолдау тетіктері таныстырылды. «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында жастар қысқа мерзімді курстардан өтіп, өз бизнес-жобасын жасауға үйренеді. Қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелердің арқасында қолөнер, қызмет көрсету, заманауи сауда және IT салаларында жаңа кәсіп ашуға жол ашық. Бұл – жұмыссыздықтың алдын алып қана қоймай, жастардың өз ісін бастауына серпін беретін тиімді құрал.
Жастарға ұсынылған тағы бір маңызды бағыт – кәсіби білім мен жаңа дағдыларды дамытуға арналған оқу курстары. Қысқа мерзімді тренингтер мен тегін оқыту сабақтары арқылы жастар тек теориялық білім алып қана қоймай, практикалық машыққа да ие болады. Заманауи еңбек нарығында сұраныс артып отырған IT-мамандықтар, маркетинг, дизайн, инженерия және ауыл шаруашылығы салалары – барлығы да жастар үшін қолжетімді бола түсті.
Ақпараттық түсіндіру жұмыстарына қамтылған тұрғындар мемлекеттік бағдарламалар жайлы бұрын-соңды естімеген нақты ақпарат алып, өз болашағына жаңа жоспарлар құрғандарын жеткізді. Әсіресе, кәсіпкерлікке қолдау мен тегін оқу курстары жастардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Жалпы, Сайрам базарында өткен бұл іс-шара – жастарды еңбекке баулып, мамандыққа бағыт берудің нақты алаңы. Жастар адал еңбек пен табандылықтың арқасында ғана жетістікке жететінін ұғынды. Ал мемлекет ұсынып отырған бағдарламалар – олардың өз армандарын жүзеге асырып, қоғамда өз орнын табуына жол ашатын үлкен мүмкіндік.



