(Фото: Шымкент қ. білім басқармасы)
2025 жыл — елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланған ерекше кезең. Бұл жыл еңбек адамының мәртебесін арттыруға, жастарды кәсіптік білімге ынталандыруға және жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін көтеруге бағытталған маңызды бастамаларға толы. Осы игі шаралар аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас мамандар мен колледж студенттері өз шеберліктерін дәлелдеуге мүмкіндік алып отыр.
Солардың бірі — Шымкент қаласындағы Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі. Білім ордасының талантты студенттері 28 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Астана қаласында өткен “ASTAUfest-2025” VI Халықаралық гастрономиялық фестивалінде жоғары нәтиже көрсетіп, командалық есепте І орынды иеленді.
Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен және көршілес мемлекеттерден келген қатысушылар қатысты. Аспаздық өнердің үздіктері бір алаңда тоғысып, өз шеберліктерін сынға салды. Ал Шымкент қаласынан барған команда нағыз кәсібиліктің, табандылық пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетті.
Байқау нәтижесінде шымкенттік жастар 1 Бас жүлде, 7 бірінші орын, 1 екінші орын иеленіп, жалпы есепте үздік атанды. Бұл жеңіс – колледж ұстаздарының қажырлы еңбегі мен студенттердің тиянақты дайындығының жемісі. Әрбір қатысушы аспаздықтың қыр-сырын жетік меңгеріп, өз ісіне деген сүйіспеншілігін, жұмысшы мамандығына деген құрмет пен жауапкершілікті де көрсетті.
Колледж директоры мен ұстаздар ұжымы студенттерді тек кәсіби тұрғыда емес, рухани және адамгершілік тұрғыдан да тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі. Еңбексүйгіштік, табандылық, өз ісіне деген құрмет – колледждің басты құндылықтары. Осындай ұстанымның арқасында жастар еңбекке бейім, өмірге икемді, қоғамға пайдалы маман ретінде қалыптасуда.
Фестивальге қатысқан студенттердің айтуынша, бұл дода оларға жаңа серпін беріп, кәсіби армандарына жол ашты. Әрбір жеңіс – жаңа мақсаттың бастауы. Жастардың жетістігі арқылы еңбек пен шеберліктің қадірін ұғынған көпшілік те жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасын өзгертуде.
Айта кетейік, “ASTAUfest-2025” фестивалі 2 қазан – техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлері күніне орай өтті.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы мұндай жетістіктер – еңбек адамдарының беделін арттыруға бағытталған нақты нәтиже. Шымкент қаласының намысын қорғаған Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің жеңісі – қала жастарының еңбекқорлығын, талпынысын және кәсібилігін дәлелдей түсті.
Осындай табысты мысалдар жастардың бойында “еңбек – басты құндылық” деген түсінікті қалыптастырады. Ал еңбекқор ұрпақ – мемлекеттің болашағының кепілі.



