(Фото: Видеодан скрин/Жастар орталығы)
Шымкент қаласының Ынтымақ-2 елді мекенінде жастарды еңбекке баулу, жұмыспен қамту және кәсіби бағыт-бағдар беру мақсатында ақпараттық кездесу өтті. Шара 2021–2025 жылдарға арналған “Ұлттық жоба” аясында ұйымдастырылды. Аталған жобаның басты мақсаты – жұмыссыздықтың алдын алу, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді кеңейту және жастарды тұрақты табыс көзімен қамтамасыз ету.
Ақпараттық түсіндіру жұмыстары кезінде Жастар орталығының мамандары жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін түрлі қолдау шаралары туралы кеңінен баяндап, бағдарламалардың тиімді тұстарын түсіндірді.
Атап айтқанда, «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Қоғамдық жұмыстар», сондай-ақ «Кәсіптік оқыту» сынды негізгі төрт бағытқа ерекше назар аударылды. Бұл бастамалар – жас мамандарға тәжірибе жинауға, еңбекке бейімделуге және өз кәсібін табуға үлкен мүмкіндік беретін маңызды құрал.
«Жастар практикасы» бағдарламасы – кәсіби жолын енді бастаған жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Бағдарлама аясында оқу орнын жаңа тәмамдаған түлектер тәжірибелі мамандармен қатар еңбек етіп, өз саласының қыр-сырын үйренеді. Мұндай мүмкіндік жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, олардың еңбек нарығында өз орнын табуына сеп болады.
Ал «Әлеуметтік жұмыс орны» жобасы қоғамға пайдасы зор мекемелер мен ұйымдарда еңбек етуге жол ашады. Бұл бағдарлама жас мамандардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, ұжымдық ортада жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады.
«Қоғамдық жұмыстар» бағыты еңбекке араласуға ынталы, бірақ тұрақты жұмыс таба алмай жүрген жастарға арналған. Мұнда жастар қаланы абаттандыру, тазалық сақтау, әлеуметтік жобаларды іске асыру секілді қоғамдық маңызы зор істерге қатысып, еңбек дағдысын қалыптастырады. Бұл – олардың табыс табуына әрі өз күшіне сенім артуына үлкен серпін береді.
Сондай-ақ «Кәсіптік оқыту» жобасы ерекше қызығушылық тудырды. Бағдарлама аясында жастар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп, қысқа мерзім ішінде жаңа кәсіп игере алады. Мысалы, тігінші, дәнекерлеуші, аспаз, электрик, шаштараз, оператор сияқты мамандықтар бойынша курстар ұйымдастырылып, қатысушыларға стипендия төленеді. Бұл – өз ісін ашуға және болашақта тұрақты табыс табуға берілген нақты мүмкіндік.
Кездесу барысында мамандар әр бағдарлама жайлы кеңінен түсіндіріп, жастардың қойған сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді. Сонымен қатар Enbek.kz электронды еңбек порталы арқылы тіркелу жолдары көрсетіліп, «Мансап» орталықтарында кеңес алу мүмкіндігі түсіндірілді.
Мұндай түсіндіру жұмыстары – жастардың еңбекке деген құлшынысын арттырып, олардың болашақта өз мамандығын табуына және қоғамның белсенді мүшесіне айналуына жол ашады.
Еңбек ету – өмірдің басты мәні. Ал жастарды еңбекке баулу – елдің болашағына жасалған ең маңызды инвестиция. Себебі әрбір еңбек жолын адал бастаған жас ертеңгі күні өз кәсібінің шебері, ел экономикасының тірегі болары сөзсіз.



