(Фото: Ералы Абдраимовтың жеке мұрағатынан)
Қоғамның дамуы мен тыныштығы – еңбек адамының қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әсіресе өз ісін сүйіп, жылдар бойы адал қызмет етіп келе жатқан мамандар – ел тірегінің бірі. Осындай абыройлы еңбек иелерінің бірі – көп жылғы тәжірибесімен, кәсібіне деген адалдығымен ерекшеленетін жан Шымкенттегі жедел медициналық жәрдем станциясының жүргізушісі Ералы Орынбасарұлы Абдраимов.
Ералы Орынбасарұлы 1963 жылы Түркістан облысы Сайрам ауданының Жанаталап ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Бала күнінен еңбекқорлық пен жауапкершілікті бойына сіңіріп өскен ол өмір жолында адалдық пен тәртіпті басты қағида еткен жан.
1979 жылы мектепті аяқтаған соң техникалық мамандыққа қызығушылығы оны авто-механикалық техникумға жетелейді. 1979–1983 жылдары осы оқу орнында білім алып, “техник-механик” мамандығын меңгеріп шығады. Жас маман ретінде техника саласына үлкен ынтамен кіріскен Ералы Орынбасарұлы өз ісіне деген сүйіспеншілігін еңбек жолында дәлелдеп келеді.
1983–1985 жылдары ол Отан алдындағы борышын өтеп, әскери тәртіп пен жауапкершіліктің мектебінен өтеді. Әскерден кейін де ол өз мамандығы бойынша еңбек жолын жалғастыруды жөн көреді.
1986 жылы еңбек жолының жаңа кезеңі басталып, Арал мен Сырдария бассейн инспекциясында жүргізуші болып жұмыс істейді. Кейін 1988 жылы автобазада слесарь қызметін атқарып, техниканың қыр-сырын терең меңгереді. 1996 жылы “Адал” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жүргізуші болып еңбек етіп, ұжымда өз ісінің нағыз маманы ретінде танылды.
Ералы Абдраимов еңбек еткен әр мекемеде өз тиянақтылығымен, ұқыптылығымен және жауапкершілігімен ерекше көзге түскен. Ол үшін кез келген жұмыс — жай ғана міндет емес, адал қызмет ету мен үлгі болудың амалы.
2002 жылы ол Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясына жүргізуші болып жұмысқа орналасып, содан бері осы салада табан аудармай еңбек етіп келеді. Жедел жәрдем жүргізушісі болу — үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Себебі әрбір шақырту, әрбір сәт – адам өмірімен тікелей байланысты.
Ералы Орынбасарұлы — жол қауіпсіздігін, көлік күтімін және уақыттылықты қатаң сақтайтын маман. Ол санитарлық автокөліктің техникалық жағдайына үнемі көңіл бөліп, медициналық қызметкерлерді оқиға орнына дер кезінде жеткізіп отырады. Әріптестері арасында ол сабырлы мінезімен, ұқыптылығымен және еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар ол – ұжымдағы жастарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесін бөлісетін тәлімгер. Жас мамандардың еңбекке бейімделуіне көмектесіп, олардың кәсібіне деген қызығушылығын арттыруға үлес қосып келеді.
Ералы Орынбасарұлы қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, өз ортасында үлкен беделге ие. Қай істе болмасын ұқыптылық пен тазалықты бірінші орынға қоятын ол – нағыз кәсіби мәдениеттің үлгісі.
Ералы Абдраимов отбасылы, үш ұл мен екі қыздың абзал әкесі. Балаларына адалдық пен еңбексүйгіштіктің мәнін өз өмірімен көрсетіп келеді. Ол – өз ісіне берілген, кәсіби шеберлікті өмірлік қағидасына айналдырған еңбек адамы. Оның өмір жолы – тұрақтылықтың, еңбекке құрметтің және адамгершіліктің айғағы. Осындай азаматтардың еңбегі – қоғам дамуының негізі, халық тыныштығының кепілі.



