(Фото: istockphoto)
Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамту және олардың еңбек нарығына бейімделуіне бағытталған мемлекеттік бағдарламалар өз жемісін беруде. Қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында осы бағыттағы нақты нәтижелер мен алдағы жоспарлар туралы айтып берді.
Биыл мегаполисте «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары аясында жас мамандар тұрақты жұмыспен қамтылуда. Бұл жобалар тек уақытша табыс көзі емес, жас мамандарға кәсіби тәжірибе жинақтап, еңбек жолын бастауға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік бастамаға айналды.
Мемлекеттік қолдау шеңберінде Шымкент қаласында 2025 жылы 2251 жас маманды «Жастар практикасы» арқылы жұмыспен қамту жоспарланған болатын.
Бүгінгі таңда 1643 жас осы бағдарлама арқылы тұрақты жұмысқа орналасып үлгерген.
Қала әкімінің орынбасары бұл көрсеткіштің артында нақты еңбектің, жүйелі жұмыстың және жастардың өз белсенділігінің жатқанын айтты:
Жобаға қатысушы жастар түрлі мекемелер мен ұйымдарда еңбек етіп, тәжірибе жинақтауда. Көпшілігі кейін тұрақты қызметке қабылданған.
Шымкентте биыл тағы бір маңызды жоба – «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыт бойынша 1161 жас қамтылуы жоспарланып, қазіргі таңда 346 жас маман алғашқы еңбек жолын бастады.
Жұмыс іздеп жүрген жастарға қолжетімді қызмет көрсететін аудандық «Мансап» орталықтары бүгінде маңызды ақпараттық және бағыттаушы алаңға айналды.
Жастар Enbek.kz электронды порталына жұмыссыз ретінде тіркеліп, төмендегі мекенжайлар бойынша кеңес ала алады:
- Абай ауданы: Арғынбеков көшесі, 243/3
- Еңбекші ауданы: Астана шағынауданы, 106 үй
- Әл-Фараби ауданы: Байтұрсынов көшесі, 201 үй
- Қаратау ауданы: Бәйтереков көшесі, 89 үй
- Тұран ауданы: Қазыбек көшесі, 50 үй
Қала әкімінің орынбасарының мәліметінше, соңғы жылдары Шымкенттегі NEET (оқымайтын және жұмыс істемейтін жастар) тобының үлесі екі есеге азайған. Бұл – жастар саясатының тиімділігін айқын көрсететін көрсеткіш.
«Жалпы өздеріңіз білесіздер, бізде жастар саясаты басқармасы құрылып жатыр. Жақында ғана Жастар ресурстық орталығына жаңа басшы тағайындалды. Ол жердегі жұмысты да біз қарқынды жүргізіп жатырмыз. Жастардың NEET дейтін тобы бар, бұрынғы жылдармен салыстырғанда мұндай жастардың саны да екі есе төмендегенін айтуымыз керек. Бұл да осы бағыттағы атқарылып жатқан тыңғылықты жұмыстардың жемісі деп білеміз», – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Шымкент қаласы әкімдігі жастарды жұмыспен қамтумен қатар, олардың кәсіпкерлік бастамаларына, білім алуына және азаматтық белсенділігіне де ерекше көңіл бөлуде.
Жастар ресурстық орталықтары мен түрлі қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып, жаңа идеяларды қолдауға бағытталған жобаларды іске асыруда.
Мемлекет қолдауымен жұмыс тапқан мыңдаған жас бүгінде өз саласында еңбек етіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді.
Еңбекке деген құрмет, белсенділік пен жауапкершілік – бүгінгі шымкенттік жастардың басты ұстанымына айналған.



