Шымкент қаласында Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына арналған айтулы мерекелер қарсаңында «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты республикалық пікірсайыс турнирі өз басталды. Бұл зияткерлік дода – ел жастарының ой-өрісін кеңейтіп, азаматтық ұстанымын нығайтуға, шешендік және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған маңызды алаң болып отыр.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімі ерекше атмосферада өтті. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек шараға арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тілеп, пікірсайыс қозғалысының жастар тәрбиесіндегі рөліне тоқталды.
Биылғы додаға еліміздің әр түкпірінен келген 120-дан астам команда қатысып отыр. Астана мен Алматы қалаларынан, сондай-ақ Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарынан келген үздік пікірсайысшылар Шымкент төрінде бас қосты.
Турнирдің әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарының үздік студенттері мен тәжірибелі пікірсайысшылар қатарынан құралған 70-ке жуық кәсіби төреші жқмылдырылған. Олар турнирдің барлық кезеңінде пікірталастардың мазмұны мен дәлел сапасын бағалап, әділ шешім қабылдауға жауапты.
Биылғы пікірсайыс турнирінде талқыланатын қарарлар қоғамдағы өзекті бағыттарды қамтиды. Атап айтқанда, технологиялық даму, құқықтық мәдениет, демократия, білім беру жүйесі мен жастар саясаты секілді бағыттарда өзекті мәселелер көтерілуде. Пікірталас алаңында әрбір команда өз ұстанымын ғылыми дәлелдер мен қисынды ойталқылар арқылы қорғап, көпшілік алдында еркін сөйлеу дағдыларын шыңдауда.
Пікірсайыс алаңы – жастар үшін еркін ой айту мен шешендік шеберлікті шыңдаудың бірегей мектебі. Мұнда әр команда өз идеясын жүйелі дәлелдер арқылы қорғап, пікірталас мәдениетін қалыптастырады. Қатысушылар тек қарсыласын жеңуді ғана емес, қоғамның дамуына үлес қосатын ой айтуға ұмтылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, олардың елдік санасын көтеруге және біртұтас пікірсайыс мәдениетін дамытуға үлкен серпін береді. Сонымен қатар, бұл шара жаңа достық байланыстардың орнауына, тәжірибе алмасуға және жас пікірсайысшылардың кәсіби дамуына жол ашады.
Екі күнге жоспарланған республикалық пікірсайыс турнирі ертең өз мәресіне жетпек. Қорытындысында үздік ойын көрсеткен командалар мен шешендер марапатталып, арнайы дипломдар мен сыйлықтарға ие болады.
«Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты бұл пікірсайыс турнирі – жастардың ел тағдырына бейжай қарамай, өз ой-пікірін ашық жеткізетін азамат ретінде қалыптасуына ықпал ететін, білім мен парасаттың бәсекесіне айналған тағылымды алаң болды.



