(Фото: Шымкент қ. әкімдігі)
Бүгін Шымкент қаласында «Қазақстан – Ауғанстан бизнес форумы» аясында Ауғанстан тауарларының кең көлемді көрмесінің ресми ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, мемлекеттік органдар мен бизнес құрылымдарының өкілдері, сондай-ақ Ауғанстаннан келген іскер топ мүшелері қатысты.
Көрменің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Серік Жұманғарин екі ел арасындағы экономикалық және сауда байланыстарының маңыздылығына тоқталып, форумға қатысушыларға табыс пен сәттілік тіледі.
«Ауғанстанның жоғары басшылығына біздің шақыруымызды қабыл алып, Қазақстан – Ауғанстан бизнес форумына Үкімет пен бизнес өкілдерінің қатысуына қолдау көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін. Ауған халқына бейбітшілік, тұрақтылық және өркендеу тілеймін. Ауғанстанның дәстүрлі өнімдері ұсынылған бұл көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырғандарыңыз үшін де ерекше алғыс білдіремін», – деді министр.
Форум аясында ұйымдастырылған көрмеде Ауғанстанның түрлі салаларынан әкелінген дәстүрлі және заманауи өнімдер кеңінен ұсынылды. Атап айтқанда, келушілердің назарына кондитерлік тағамдар, табиғи шырындар мен алкогольсіз сусындар, көкөніс пен жеміс-жидек өнімдері, асыл тастар мен зергерлік бұйымдар, қолөнер туындылары, былғары және кілем өнімдері, сондай-ақ құрылыс материалдары мен басқа да тауар түрлері қойылды. Бұл көрме Ауғанстан экономикасының әлеуетін және оның өндірістік бағыттарының әртараптылығын айқын көрсетіп отыр.
Биылғы көрменің ерекшелігі – оның ауқымы мен қатысушылар санының артуында. Шымкентке Ауғанстаннан шамамен 180 бизнес өкілдері келіп, өз өнімдерін таныстыруда. Бұл екі ел кәсіпкерлерінің өзара ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа серіктестік бағыттарын дамытуға деген жоғары қызығушылығын айғақтайды.
Қазақстан тарапы Ауғанстанды Оңтүстік және Орталық Азия өңіріндегі маңызды экономикалық серіктес әрі стратегиялық әріптес ретінде қарастырады. Соңғы жылдары әлемдік экономикалық тұрақсыздық пен геосаяси өзгерістерге қарамастан, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың көлемі артып, өзара серіктестік жаңа деңгейге көтеріліп келеді.
Серік Жұманғарин өз сөзінде Қазақстанның Ауғанстан нарығына өз өнімдерін экспорттаумен қатар, ауған өнімдерінің қазақстандық нарыққа шығуына да жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.
«Бүгінгі көрме – соның айқын дәлелі. Төрт күнге жоспарланған бұл іс-шара екі елдің бизнес қауымдастығына тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді. Біз Ауғанстанмен қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды сақтап қана қоймай, оларды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Қазақстан көршілес Ауғанстанды тұрақты, бейбіт және гүлденген мемлекет ретінде көргісі келеді. Баршаңызға сәттілік пен жемісті жұмыс тілеймін», – деді министр өз сөзінде.



