(Фото: ӨКҚ)
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдеріне арналған кезекті баспасөз мәслихатында өткен аптада қала аумағында тіркелген қылмыстық істер мен жол-көлік оқиғалары туралы мәлімет берді. Баспасөз жиыны барысында спикер қылмыстың түрлері, олардың алдын алу бағытындағы шаралар және азаматтардың жеке жауапкершілігіне тоқталды.
Әкім орынбасарының айтуынша, соңғы аптада тергеу органдарының өндірісінде 179 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде екеуі сотқа жолданған.
«Өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде барлығы 179 іс тіркелді. Оның екеуі сотқа жолданды. Алаяқтық бойынша — 59 іс, ұрлыққа қатысты — 41 іс, есірткі заңсыз айналымына қатысты — 12 іс қозғалды. Ал жол-көлік оқиғалары бойынша 10 іс тіркелгендігін айтқымыз келеді», – деді Сәрсен Құранбек.
Қала әкімі орынбасарының айтуынша, алаяқтық қылмыстарының басым бөлігі интернет арқылы жасалып жатыр.
«Алаяқтық қылмыстардың көбі интернет арқылы жүзеге асуда. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш алдыңғы аптамен салыстырғанда азайған жоқ. Азаймай келе жатқандығын айтқымыз келеді», – деді әкім орынбасары.
Полиция дерегінше, интернет алаяқтықтың ең көп тараған түрі – әлеуметтік желілер арқылы тауар сату, банк қосымшалары арқылы жалған хабарламалар тарату және несие рәсімдеу жағдайлары.
Сәрсен Құранбек жол-көлік апаттарының да азаймай отырғанын ерекше атап өтті. Апта ішінде қала аумағында 10 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
«Жол апаттарының басты себебі – жылдамдықты арттыру және ұялы телефонға алаңдау. Сондай-ақ, кейбір азаматтар жолдан өту ережесін елемейді. Тыйым салынған жерлерден өту, жаяу жүргіншілер өткелін пайдаланбау секілді жағдайлар әлі де саябырсымай тұр», – деді ол.
Белгілі болғандай, әсіресе балалардың қауіпсіздігіне қатысты ата-аналардың жауапкершілігі төмендеп барады.
«Өздеріңіз байқайсыздар ма ата-аналар баласын жетектеп жолды кесіп өтіп жатады. Бұл – аса қауіпті жағдай. Көлік – жоғары қауіпті қозғалыс құралы. Бір сәттік салғырттықтың соңы үлкен қайғыға ұласуы мүмкін. Сондықтан әрбір ата-ана жол ережесін өзі де сақтап, баласына да үйретуі қажет. Баршаңызды осы жол ережесін сақтауға шақырамын», – деді Сәрсен Құранбек.
Айта кетсек, Шымкент қаласы әкімдігі мен құқық қорғау органдары тарапынан профилактикалық шаралар жалғасып келеді. Қала аумағында бейнебақылау камераларының саны артып, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске асуда.



