«Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанаты Шымкент қалалық филиалы медицина қызметкерлеріне арналған «Дәрігерлерге мың алғыс!» атты жалпыұлттық акциясы қоғамдық бірлестіктермен бірлесе жалғасын табуда. Акцияның мақсаты – бірнеше айға жуық уақыттан бері қауіпті індетпен күресіп жүрген дәрігерлерге алғыс айту.
Елдегі карантинге байланысты медицина қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Олар ауысымнан-ауысымға жанталасып, отбасына, туған-туыстарына уақыт бөле алмай, талай жанның өміріне араша түсіп, ерлікке пара-пар қызмет атқарып жүр. Соңғы уақытта бұл көрініс дәрігерлердің өмірін күрделендіре түсті. Сондықтан елдегі қиын қыстау кезеңде олардың жанынан табылып, барынша қолдау көрсету – қоғамның басты міндеті.
Бүгінгі көрсетілген акция барысында Толстова 121 мекен-жайында орналасқан Шымкент қалалық «Жедел жәрдем көрсету станциясы» дәрігерлеріне алғыс білдірілді.
Қайырымдылық шарасы аясында еріктілер 100-ден астам денсаулық себетін дайындады. Себетке азық-түлік, иммунитетті нығайтуға арналған өнімдер салынған.
Жанымыз қысылғанда қасымыздан табылатын ақ халатты дәрігерлерге қолдау жан-жақты көрсетіліп жатыр. Қазақ айтқандай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып «алғыс себеттерін» дайындауға «Шымкент қаласының ACCESS бітірушілері «ASАА» жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Саранова Данара Юрьевна, Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Балтабаева Жұлдызхан Шұхралиқызы, «Шаңырақ жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Байзакова Сабира, «Асыл жүрек» қайырымдылық қорының негізін салушы Алпысова Асель Серікбайқызы, Қазақстан темір-жол төрағасы Шалбаев Ержан Серікбайұлы, Зарина Жиенбаева қоғамдық бірлестігі, «Пища жизни» қайырымдылық қоры, «Оңтүстік жастары» қоғамдық қорының төрағасы Абай Андабаев, «Jas Otan» Жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының төрағасы Алибеков Арман Найманбайұлы, «Жас ғалым – жастары» қоғамдық бірлестігі, Шымкент қалалық «Жастар мәслихатының» депутаты аталған акцияға қолдау көрсетті. Волонтерлармен ұйымдастырылған акция барысында барлық сақтық шаралары ескерілді.