Шымкент қаласында инфекциялық ауруға шалдыққан науқастардың азаюына байланысты үш провизорлық станционардағы төсек орындар уақытша жабылды. Бұл жөнінде бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында қаладағы эпид ахуал жөнінде өткен брифингте Денсаулық сақтау басқармасының өкілі Дәулет Шорабаев мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта провизорлық стационарларды кезең-кезеңмен консервациялау басталды. Ең алдымен консервациялау жұмыстарын оқу орындары базасында ашылған провизорлық стационарлардан бастадық. Бүгінгі күні политехникалық колледжде ашылған стационарда 250 орын, 52 мектепте ашылған стационарда 300 орын және №86 мектепте ашылған стационарда 400 орын уақытша қызметін тоқтатты», – деді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының өкілі.
Дәулет Шорабаевтың айтуынша, уақытша жұмысын тоқтатқан станционарлар эпидахуал нашарлаған жағдайда қайтадан ашылатын болады.
Шымкент қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша жұмыс күшейтілген болатын. Нәтижесінде қосымша 211 мобильді топ құрылып, 17 820 науқасқа үйінде стационарлық қызмет көрсетілген.