Түркістан облысының әкімдігі мен «Nurym Group» компаниялар тобы арасында ет кластерін құру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында қол қойылды.
Ауқымды агроөнеркәсіптік жоба өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін нығайтуға және жергілікті экономикаға инвестиция тартуға бағытталған. Жобаның жалпы құны 111,1 млн АҚШ долларына бағаланып отыр.
Жаңа кешеннің құрылысы өңірдің аграрлық саласын дамытуға тың серпін бермек. Толыққанды ет кластерін қалыптастыру ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге және экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобаны қаржыландыру мен іске асырудың нақты шарттары жеке келісімдер арқылы айқындалады.
Биыл IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (Қазақстанның жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелі) Шымкент қаласында өтуде. Іс-шара аясында Премьер-министрге агроөнеркәсіптік кешенді қоса алғанда, түрлі салалардағы ірі инвестициялық жобалар таныстырылды. Олардың қатарында Carlsberg Group компаниясының алкогольсіз сусындар өндіретін зауыты мен Alsera компаниясының жылыжай кешенін салу жобасы бар.
KGIR-2026 жиынына әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі қатысты.




