Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қаладан шалғай орналасқан елдімекендерді инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес, Әл-Фараби ауданындағы Текесу тұрғын алабында инфрақұрылым мәселесі өз шешімін тапты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Нақты айтар болсақ, ағымдағы жылы аталған тұрғын алапқа шағал тас төселіп, 3 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Ал өткен жылы негізгі көшесіне демеушілер тарапынан жарық бағаналары орнатылған болатын.
Бұған дейін тұрғындар электр және газ жүйесімен толығымен қамтамасыз етілген болатын. Үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 17 млн. теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары аяқталып, тұрғындардың пайдалануына берілді.
Сондай-ақ Шымкент қаласы Сәуле шағын ауданындағы 276 орам шаһарға Сайрам ауданынан қосылған. Бүгінде онда 700-ге жуық тұрғын тұрады.
Алайда, бұл маңда биылға дейін ауыз су, жарық, жол мәселесі өзекті болып келген. Қала әкімі Мұрат Әйтенов көп жылдан бері күрмеуін таппаған инфрақұрылым проблемасын жіті бақылауына алып, жауапты мекемелерге тапсырма берген болатын. Нәтижесінде аталған шағын ауданға тас төселіп, сапалы электр желісі тартылды. Осылайша , Шымкент қаласының аумағына қосылған шағын аудандар біртіндеп инфрақұрылыммен қамтылуда.