Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Ескі қалашық» – Цитадельде атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Цитадельді қайта жаңғырту бойынша тапсырмасына сәйкес мұнда қызу жұмыстар жүруде.
Қазіргі таңда нысандағы әрлеу жұмыстары – 80 %-ға, абаттандыру –30 %-ға, археологиялық жұмыстар – 60 %-ға аяқталып қалған.
Ескі қалашықтың батыс бөлігінде (подпорные стены), оңтүстік-батыс және солтүстік-батыс бекініс қабырғаларын қалпына келтіру, сондай-ақ, пандуспен кіру жолдары аяқталған. Цитадель төбешігінде жаяу жүргіншілер жолының, айванның, хауздың ғылыми-реставрациялық жұмыстары аяқталып, әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жұмысшы топ 8 бағытта музейлендіру жұмыстарын жоспарға сәйкес атқарып жатыр. Олар ескі қалашықта табылған экспонаттарды музейге қоятын жәдігерлерді бөлу үстінде. Тарихи нысандағы атқарылып жатқан жұмыстарға қанық болған қала әкімі құрылысты жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.