Шымкент қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Түркістан көшесі орташа жөндеуден өтуде. Атап айтқанда, асфальтбетон жабынын және ирригациялық арықтарды ауыстыру, аяқжолдарды жөндеу, веложолдар салу мен жауын-шашын суын өткізетін кәріздер орнату қарастырылған. Бүгінгі таңда жұмыс 75 процентке орындалды.
Жол құрылысының сапасын тексеру мақсатында Түркістан көшесіне «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мен Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бірлесе отырып зерделеу жұмыстарын жүргізді. Оған мердігер «АзияКомплексСтрой» ЖШС-і және техникалық қадағалаушы «Инженер Строй» ЖШС-інің мамандары да қатысқан.
Зерделеу барысында мамандар жолдың жиек тастарын, аяқжол өрнек тастарын, асфальтбетон қабатын тексерді. Нәтижесінде Түркістан көшесінің Д.Қонаев даңғылынан Тоқаев көшесіне дейінгі бөлігіне қойылған жиектастардың 10-15 проценті берік орнатылмағаны анықталды.
Осыған байланысты тапсырыс беруші мекеме мердігерге аталған кемшілікті жоюды тапсырды. Қайта тексеру кезінде жиектастардың беріктігі талапқа сай болмаған жағдайда мердігер мекемеге оны ауыстыруға ұйғарым беріледі. Айта кетейік, зерделеу кезінде аяқжол өрнек тастарының беріктігі мен асфальтбетон қабатының қалыңдығы қолданыстағы құрылыс нормаларына және сметалық құжаттамаға сәйкес келетіні анықталды. Бас мердігер «АзияКомплексСтрой» ЖШС-і орташа жөндеу жұмыстарын қазан айында аяқтауды жоспарлап отыр.