Шымкент қаласында биыл бірқатар құрылыс нысандары пайдалануға берілуде. Биыл жыл соңына дейін құрылыс-қайта құру жұмыстары бойынша 6 нысан пайдалануға тапсырылады.
Құрылыс бойынша 7,0 шақырым, қайта құру бойынша 6,3 шақырымдық жол тұрғындар игілігіне беріледі. Атап айтқанда: Әкімшілік-іскерлік орталықтан Тассай шағынауданы Тәуке хан көшесіне дейін апаратын жол (2,7 шақырым), Сыпырған ата көшесінің құрылысы, Темірлан тас жолынан Самал-3 шағынауданына дейінгі жол (3,0 шақырым), Ақтас шағынауданы № 61 мектепке апаратын 2 жолақты жол (2,7 шақырым), Жібек жолы, Төреқұлов көшелерін қайта құру (Қазыбек би көшесінен Аймауытов көшесіне дейін), Тассай шағынауданы Тәуке хан көшесін қайта құру (3 шақырым) жұмыстары аяқталады.
Қала аумағында жалпы 36 көпір бар. Ағымдағы жылы 8 көпірде құрылыс-жөндеу жұмыстары атқарылды. Ленгер тас жолы бойындағы, Қарабастау және Елтай елдімекеніндегі көпір құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, Тоғыс және Маятас елді мекендеріндегі 2 көпір, қайта құру жұмыстары жүргізілген А-2 жолы бойындағы көпірді пайдалануға беру жоспарлануда. Қазіргі таңда 4 көпір құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.