Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов мәлімдеді.
– Биыл Қаратау ауданында Қайнарбұлақ тұрғын алабы, Тұран, Достық, Асар-2 және Азат шағынаудандарында табиғи газбен жабдықтау бойынша ішкі орамдық жүйелердің құрылыс жұмыстары басталды. Аталған жұмыстар аяқталса, табиғи газбен қамтылған елді мекендер көрсеткіші 85 пайызды құрайды, – деді А.Әліқұлов.
Спикердің айтуынша, ауданда 47 202 тұрғын үйдің 73,7 пайызы табиғи газбен қамтылған. Сондай-ақ, қаладағы АГРЭС-3 бойынша құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Айта кетейік, ауданда жыл басынан бері су жиналатын көшелерге, яғни, ұзындығы 5,6 шақырымға ирригациялық арық орнатылған.
Биыл аудан аумағындағы тозығы жеткен 8 аула толық абаттандырылып, оларға заманауи үлгідегі балалар ойын элементтері мен жаттығу тренажерлары орнатылды. Сондай-ақ, 10 ашық спорт алаңшасы жаңадан салынды. Одан бөлек, 13 ашық спорт алаңында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен пайдалануға берілді, – деді Абзал Шымкентбайұлы.
Аудан әкімінің айтуынша, жалпы әлеуметтік нысандар орналасқан 35 көшеге жарықтандыру бағаналары орнатылған. Ал ұзындығы 13,4 шақырымды құрайтын 9 көшеге жарықтандыру бағаналарын орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде.