Бүгін Қаратау ауданы әкімі Абзал Әліқұловтың аудан аумағында 2020 жылы атқарған жұмыстары бойынша қорытынды есебі тыңдалды. Есепті жиынға Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов және салалық басқарма басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Баяндамышы мәлімдегендей, ауданда 247 мың халық тұрады. 24 тұрғын алабы бар. Есепті кезеңде 280 адам әкімдікке шағымданған. Және олардың барлығының өтініштері қанағаттандырылған. Қаратау ауданы бойынша 154 млрд. теңге инвестиция тартылған. Ол жалпы қалаға тартылған инвестиция үлесінің 55,6 пайызын құрайды. 2021 жылы инвестиция көлемін 170 млрд. теңгеге ұлғайту көзделуде. Бюджетке кіріс салығы 109 пайызға орындалды немесе 2019 жылмен салыстырғанда салық түсімі 142 пайызға өсті, яғни бюджетке 3 млрд. теңгеден астам кіріс түскен.
Ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына бөлінген қаржы 100 пайыз толық игерілген. Қаратау ауданының құрылғанына 5 жыл болған. Аудан әкімі баяндамасында жаңадан қосылған елдімекендерде негізінен инфрақұрылымдық проблемалар мазалайтынын жеткізді. А.Әліқұловтің айтуынша халықтың 77 пайызы ауыз сумен қамтылса, 10,4 пайызы суды тасып ішеді. Былтыр Азат шағынауданына ауыз су берілген. Тассай тұрғын алабында ішкі су жүйелерін тарту жұмыстары аяқталған. Өтеміс ауылында ауыз суға байланысты жөндеу жұмыстары аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Ендігі мәселе Асар-2, Бозарық, Исфиджаб, Қызылсу, Жаңақұрылыс шағынаудандарын ауыз сумен қамту болып отыр. Электр энергиясы бойынша баяндаған аудан әкімі халықтың 78 пайызы сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС инвестициялық бағдарлама аясында 270 млн. теңгеге таскен тұрғын алабына электр желісін тартып берген. Бүгінгі таңда мұнда абоненттеу жұмыстары жүріп жатыр. Өз кезегінде аудан тұрғындарының 73 пайызы табиғи газбен қамтылған. Былтыр Тұран шағынауданына магистральді газ құбыры тартылған. Асар-2, Азат, Достық, Қайнарбұлақ шағынаудандарын газбен қамтамасыз ету жұмыстары биыл да жалғасады. 2023 жылы бітуі тиіс АГРС-3 биыл көктемде іске қосылса, Қаратау ауданына берілетін газ қуаты 150 мың текше метрге артады. 2030 жылға қарай ауданда үйлердің 55 пайызы кәріз жүйесіне қосылуы тиіс.
–Сондай-ақ өткен жылы 38 көше орташа деңгейдегі, 29 көше күрделі деңгейдегі жөндеуден өтті. Топырақ көшелер саны болса – 54. 8 компания жолаушы тасымалы бойынша қызмет көрсетеді. Жаңа сызба бойынша алдағы уақытта автобустар қосымша бағыттармен халыққа қызмет көрсететін болады, -деді Абзал Шымкентбайұлы.
Есеп соңында әлеуметтік желілері арқылы және БАҚ өкілдері тарапынан сауалдар қойылды. Мәселен, Таскен тұрғын алабының тұрғындары жел соқса жарық өшіп қалатынын айтса, Қайнарбұлақ, Асар-2-нің тұрғындары да жарық пен судың мәселесін қозғады. Нұрсәт шағынауданының халқы да жарықтың сапасына көңілдері толмайтынын жеткізді. Сонымен бірге тұрғындар Алматы көшесі бойымен қосымша автобус жүргізсе деген өтініштерін білдірді. Ал БАҚ өкілдері тарапынан Нұрсәттегі жетім балаларға берілген 135 А,Б үйлерінің қашан жөнделетіні және қаладағы жер даулары туралы сауалдар қойылды. Бұған қала басшысы М.Әйтенов пен аудан әкімі А.Әліқұлов жауап беріп, барлық мәселе бақылауда екенін және кезең-кезең бойынша шешілетінін мәлімдеді.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі М.Әйтенов Абзал Шымкентбайұлының атқарған жұмыстарына оң бағасын берді. Сонымен бірге алдағы кезде Қаратау әкімдігіне халықпен өзара байланысты күшейтуге, 5 жылдық жоспардың 2021 жылға межеленген тапсырмаларын толық орындауды, халық қатынасатын бюджет бастамасын кеңінен насихаттауды және құрылыс алаңында қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөлуді тапсырды.