Прокуратура органдары – мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды, сондай-ақ сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
Оның міндетіне адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, заңдылықты бұзуды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың зардабын анықтау және жою,құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіру, заңнамаларда айқындалған өзге де міндеттерді жүзеге асыру жататыны бәрімізге белгілі.
Заңнамалардың және құқықтық актілердің талаптарын сақтай отырып, Шымкент гарнизоны әскери прокуратурасының қызметі заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуын қадағалау болып табылады.
Бүгінгі күнде, бүкіл әлемге таралған COVID-19 коронавирустық инфекциясының пандемиясы біздің елімізді де айналып өткен жоқ.
Сондықтан,Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай енгізілді.
Осыған байланысты, Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы карантиндік режимді сақтап, шектеу шараларын қолдана отырып,қызметін қашықтықтан талдау жасау арқылы жүзеге асырды.
Әрі-қарай, бүкіл әлемдік COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы іс-қимыл және осы бағыттағы қадағалауды жүзеге асыруға қатысты бірқатар шаралар атқарылды.
Бірінші кезекте, әскери прокуратураның, Шымкент және Арыс гарнизондарының қылмыстық қудалау органдары қызметкерлерінің қатысуында жұмыс тобы құрылды.
Аталған кезеңде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілері әскери қызметтің күшейтілген түріне ауыстырылды.
Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен төтенше жағдайлар кезеңінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша өзара тығыз іс-қимыл орнатылып, Шымкент қаласы және Түркістан облысындағы бақылау бекеттерінің (блопосттарының) қажетті құралдармен жабдықталуына, сондай-ақ әскери қызметтің өткерілуі заңдылығының сақталуы жағдайына тексеру жүргізілді.
Жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижелерінде, төтенше жағдай кезеңінде әскери қызметшілердің әскери қызметті өткеруіне кедергі келтіретін бірқатар өзекті мәселелер анықталып, осы мәселелерге қатысты Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жергілікті атқарушы органдарына және басқа да органдарға қадағалау актілері енгізіліп, тиісті хаттар жолданған.
Қадағалау актілерін қарау нәтижелерінде келесі шаралар қабылданды:
– Әскери қызметшілер тамақпен, жеке қорғаныс құралдарымен және қосыша азы үлесімен (сүтпен) қамтамасыз етіліп, карантиндік іс-шараларға тартылған әскери бөлімдердің барлық әскери қызметшілері полимерлік-тізбекті реакция әдісімен тестілеуден өтті;
– Арнаулы әскери жиынға шақырылған әскери міндеттілер айырым белгілерімен (әскери атаққа арналған түймелермен, жолақтармен) қамтамасыз етілді, оған әскери міндеттілерге жалақы төлеу мәселелері шешілді.
Тұтастай алғанда, қабылданған шаралардың нәтижесінде гарнизонда коронавирустық инфекцияның жаппай таралуына жол берілген жоқ.
Сонымен қатар, Арыс қаласындағы төтенше жағдайлардан соң, Шымкент гарнизоны әскери прокуратурасының негізгі күші – әскери іс-әрекеттерді үйлестіруге және жарылыстардың салдарын жою, жарылмай қалған оқ-дәрілер мен олардың қалдықтарын шығару кезінде заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталды.
Бас әскери прокурордың нұсқауымен, процесс прокурорларының құрамында Арыс қаласындағы арсеналда оқ-дәрілердің жарылуы дерегіне қатысты қылмыстық іс бойынша Шымкент гарнизонының әскери сотында қадағалауды жүргізуде.
Өз кезегінде, Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы алғашқы күннен бастап істі тергеуді, орын алған оқиғалардың нұсқаларын әзірлеуді және өңдеуді жоспарлауға, сондай-ақ маңызды тергеу әрекеттерін жүргізуге қатысты.
Түркістан облысы Ордабасы ауданының Бадам елді-мекеніндегі 10216 «В» әскери бөлімінен қару-жарақ пен оқ-дәрілерді жымқыру дерегіне қатысты қылмыстық іске қадағалауды жүргізіп, айыптау үкімін түзіп, сотқа жолдады, онда кінәлі тұлғаларға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Одан бөлек,«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында Бас прокуратура «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйенің негізінде «Төрелік» сот ақпараттық жүйесімен үйлестірілген «Электрондық қылмыстық іс» модулін әзірледі.
Бұл қылмыстық сот өндірісінің барлық кезеңдерін, яғни құқық бұзушылықты тіркеуден бастап сот үкімінің шығарылуына дейін цифрландыруға мүмкіндік береді.
Осы жобаның шеңберінде 2020 жылдан бастап Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасымен қылмыстық істерге қатысты шешімдер мен әрекеттерді енгізу және олардың заңдылығының сақталуына қадағалау жүргізілуде.
Құқық бұзушылықтың алдын-алу және қылмыстылықты төмендетуге қатысты мәселелер де гарнизон әскери прокуратурасының назарынан тыс емес. Осы бағытта талдаулар жүргізіліп, Шекара қызметі, Ұлттық ұланы және Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне қадағалау актілері енгізілді. Оларды қарау нәтижелерінде кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылып, құқық бұзушылықтың алдын-алуға қатысты іс-шаралар жоспарларына түзетулер енгізіліп, сонымен қатар, қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтары қорғалып, оларды сақтау қамтамасыз етілуде.
2020 жылы Шымкент гарнизоны әскери прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау саласында 2 тексеру және 21 талдау жұмыстары жүргізіліп (оның 12 гарнизон әскери прокуратурасымен бастамашылық етілген),30 прокурорлық қадағалау актілері енгізумен мемлекеттік бюджетке 5 4652 192 теңге өндіріліп, қадағалаудағы әскери бөлімдердің әскери қызметшілерінің конституциялық құқықтары қорғалған.
Атап айтқанда, енгізілген прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде Шымкент гарнизонындағы әскери бөлімдердің әскери қызметшілері міндетті медициналық сақтандырумен қамтамасыз етіліп, сондай-ақ оларға 29 млн.теңгеден аса сомада тұрғын үй төлемдерін төлеуге ықпал жасалды.
Әскери прокуратураның қадағалау қызметінде, басты назар гарнизондағы өзекті мәселелерге аударылады.
Уәкілетті органдармен Арыс қаласындағы әскери бөлімдердің тыйым салынған аймақтары мен аудандарының қашықтығын ұзартуға қатысты заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс Шымкент гарнизоны әскери прокуратурасының Арыс қаласындағы әскери бөлімдердің терроризмге және диверсияға қарсы қауіпсіздік саласында анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында енгізілген ықпал ету актісінің негізінде бастамашылық алған.
Қорытындылай келе, біз әскердегі құқық бұзушылықтың алдын алуды, оның жоғары сапасы мен тиімділігін қамтамасыз етуді жетілдіру қажеттілігін атап өтеміз.
Сондықтан да қабылданған шаралардың сапасы мен тиімділігіне сүйене отырып, әскери тәртіпті барынша арыттыру бойынша қызметті бағалау критерийлерін әзірлеуді қарастыруға болады деп санаймыз.
Бұл міндеттің орындалуы, әскердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік дайындығын нығайтуға ықпал ететініне сенімім кәміл.
Б. Нұрмаханбетов
Шымкент гарнизоны әскери прокуратурасының
аға прокуроры әділет майоры