Шымкент қаласы М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың «Мұхтартану» ғылыми орталығының қызметкерлері Абай Құнанбаевтың Шымкентте жерленген перзенті Тұрағұл Ибраhимұлына қатысты тың дерек жариялады. Яғни, Тұрағұлға байланысты жәдігер тастұғыры табылды.
Аталған құнды жәдігерде хакім Абайдың бір шумақ өлеңі мен өзге де ұрпақтарының есімдері қашап жазылған:
«Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек»,
деген өлеңімен қоса: «Абай Құнанбаевтың Шымкент қаласында жерленген үрім-бұтағы» делініп, 4 адамның есімі мен қай жылы, қай жерде жерленгендері көрсетілген. Олар:
«Тұрағұл Абайұлы – Әйгерімнен туған. 1934 ж. ХФЗ аймағы;
Келіндері: Дәмежан – Микайлдің әйелі. 1960 ж. Шұқырсай,
Камалия – Әубәкірдің әйелі. 1962 ж. Қасқа зираты;
Немересі: Әубәкір – Ақылбайдың ұлы. 1933 ж. Көксай». Тастұғырдағы бұл мәтіндер қазақ-орыс тілдерінде берілген.
Ғалымдардың айтуынша, тастұғырды 1990 жылдары Мәкен Тұрағұлқызы әкесінің аты өшпесін һәм мәңгі тарих болсын деп, арнайы жасатқан екен. Бұл жәдігер сол жылдардан бері «Химфарм» акционерлік қоғамының арнайы бөлімінде сақталған. Ал Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі мерекесіне орай компания басшылығы құнды дүниені «Мұхтартану» ғылыми орталығына табыс етуді жөн деп тапқан.
Ғалымдардың сөзіне сүйенсек, бұл тастұғыр осы күнге дейін айтылып жүрген: «Турағұлдың сүйегі зауыт астында қалып қойды» деген пікірді түбегейлі теріске шығарады.
Айта кетейік, бүгінде табылған жәдігерге байланысты М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың «Мұхтартану» ғылыми орталығының қызметкерлері зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы