Шымкент қаласында ковидке қарсы екпе егу пунктерінің қатары артты. Бұған дейін 26 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында инфекцияға қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізіліп келсе, қазіргі таңда екпе егу пунктерінің саны 36-ға көбейді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Емханалардағы екпе егу кабинеттерінің барлығы қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Екпе салатын қызметкерлер арнайы оқытудан өткен. Бүгінге дейін қалада 8395 адамға ковидке қарсы вакцина салынды. Екпе алғандардың 4907-і медицина қызметкері, 564-і полицейлер және 2668-і мұғалімдер болса, қалғандары басқа да санаттағы азаматтар.
Айта кетейік, вакцинация тұрғылықты жері бойынша емханаларда жүргізілуде. Екпе салардан алдын азамат міндетті түрде сауалнамаға жауап беріп, ерікті түрде вакцина алатыны туралы келісім береді. Медицина мамандары ковид індетінен сақтанудың ең тиімді жолы екпе егу екендігін ескертеді. Сондықтан барлық қала түрғындарын ерікті түрде вакцина салдыруға шақырады.