Биыл ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жарық көргеніне 4 жыл толып отыр. Сәйкесінше Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің де құрылғанына осынша уақыт болды.
Бағдаршам болған бағдарламада айтылған міндеттерді жүзеге асыруда бірқатар игі істер қолға алынғаны белгілі. Әсіресе, ел тұрғындарының санасын жаңғырту, тарихты насихаттай отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде жүзеге асқан нақты жобалар аз емес.
Ал, биылғы төртжылдық атаулы күнге орай Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Рухани жаңғыру» бөлімі «Балаларға базарлық» акциясы бойынша әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасы балаларына қайырымдылық істер жоспарын түзген.
Бүгін сол игі іс жалғасын тауып, қаладағы 100 отбасы балаларына базарлық тарту етілді.
– «Қайырымды істер марафоны» жобасы аясында қолға алынып отырған акция барысында қаладағы 4 ауданында тұратын 100 отбасы балаларына кітаптар мен жеміс-жидек себетін үлестірдік. Бұл істе бізге ерікті жастар тобы көп көмегін тигізуде,- дейді жобалық кеңсе жетекшісі Зәуре Оралбаева.
Қайырымдылық акцияның өзегі болған «Кітап оқуға құштар ұлт» жобасы сауапты іске негіз болып отыр деуге болады. Балалар әдебиеті жылында қолға алынған бұл акцияның мақсаты – ұл-қыздарды кітап оқуға баулу, көркем әдебиетке деген қызығушылығын ояту. Бұл іс шара бұған дейін де өткен. Бүгінгісі соның заңды жалғасы.
– Кітапты сыйлаумен қатар, алдағы уақытта осы балаларды «Мен оқыған кітап» байқауларына қатыстырып, пікір алмасуға шақырмақпыз,- дейді ұйымдастырушылар.
Естеріңізде болса, 2020 жылы Шымкентте өткен республикалық «Кітап фестиваліне» келушілер кітап сатып алуға мүмкіндігі жоқ балалар үшін арнайы сандыққа ең құнды сыйлық – әдеби және танымдық кітаптар жинаған болатын.
Сол қайырымды істі жалғастыруға бұл жолы Шымкент қалалық Мәслихатының депутаттары, кәсіпкер, көпбалалы аналар демеушілік жасап отыр. Олар: «Жомарт жүрек» республикалық және қалалық жоба жеңімпаздары, іскер азаматтар Рәшкүл Оспанәлиева, Айжан Найымбекова және жас депутат, кәсіпкер, көп балалы ана Наргиза Керімбаева басқаратын «MOBIL plus» компаниясы. Сый- сияпат себетін үйді үйге жеткізуге осы компания көліктері сақадай сай тұрды. Ал ерікті жастар және республикалық «Шұғыла кітап» баспа үйі қайырымды іске белсене атсалысты.
– Мұқтаж отбасыларды анықтауда бізге Жастар ресурстық орталығының қайырымды волонтері Жазира Асан бастаған жастар көп көмектесті,- дейді Зәуре Оралбаева.
Іс-шара барысында санитарлық талаптар сақталды.