Қасиетті Рамазан айында Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары 1000 отбасыға азық-түлік себеттерін тарту етті, деп хабарлайды қалалық мәслихаттың баспасөз қызметі.
Ізгі шара қала әкімі Мұрат Әйтеновтің «Рамазан – қайырымдылық айы» атты акциясын қолдау барысында өткізілді.
Қаладағы орталық «Ақмешіт» мешітінде бастау алған шарада Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов сөз алып, қала тұрғындарын барша мұсылмандарды мың айдан да қадірлі қасиетті Рамазан айымен құттықтап, әлеуметтік әлсіз топтағы, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға азық-түлік себеттерін таратып, құрбандыққа шалынған сиыр етін үлестірді.
– Өздеріңіз білесіздер, қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы «Рамазан – қайырымдылық айы» атты акцияға үлес қосуға шақырған болатын. Сол үрдісті мәслихат жалғастырып отыр. Бүгін біз 1 мың азаматқа «Ауызашар қоржынын» жеткізіп отырмыз. Осындай іс-шаралар арқылы елдің бірлігі, ынтымағы нығаяды деп ойлаймын. Бүгінгідей қиын-қыстау уақытта бір-бірімізге қол ұшын созып, жәрдем беру ең алдымен имандылық, азаматтық парыз деп ойлаймын, – деді Бахадыр Мәдәліұлы.
Сонымен қатар орталық мешіттен бастау алған қайырымдылық акциясы өз ретімен жалғасты. Қаламыздың мәслихат депутаттары да белсенділік танытып, қаладағы төрт аудан бойынша 8 мешітке барып, мұқтаж отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетті.
Көрсетілген көмекке ризашылық көңілдерін білдірген қала тұрғындары мәслихат депутаттарына алғыстарын айтып, батасын беріп тарқасты.
Естеріңізге сала кетейік, мұқтаждарға таратылып жатқан азық-түлік себеттері Аудан әкімдігі мен мешіт имамдары бірлесе жасақтаған тізімі бойынша берілуде. Рамазан айында өткен қайырымдылық акциялары Шымкент қаласының мәслихаты есебінен ұйымдастырылды. Іс-шаралар барлық санитарлық талаптар мен карантин ережелерін қатаң сақтай отырып өткізілді.