Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын алабындағы «Нурали» ШҚ-ы мал шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алған. Бүгінде ірі қара мал бордақылаудың қыр-сырын жақсы меңгерген қожалықтың негізі 2005 жылы қаланған.
Қожалық иесі, шаруа Шерали Усмановтың айтуынша, кәсібін ең алдымен 7 бас ірі қара мал бордақылаудан бастаған.
Бүгінде қорасын кеңейтіп, мемлекет көмегімен мал басын арттырып отыр. Қоражайында қазіргі таңда 1000 басқа жуық ірі қара малын баптауда.
Айта кетейік, 2010 жылы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар арқасында шаруашылық аумағын ұлғайтып, сонымен бірге мал бордақылау алаңының сыйымдылығын 400 басқа, 2014 жылы 700 басқа дейін жеткізген.
Ал 2018 жылы мал бордақылаумен қоса сағатына 2 тоннаға дейін құрама жем шығаратын цехты іске қосқан. Бұл өз кезегінде шаруа үшін ет өнімінің көлемін арттыруға септігін тигізді деуге болады.
Кәсіптің көзін тапқан кәсіпкер бұл межемен тоқтап қалмай 2019 жылы қора жай аумағын тағы да кеңейтіп, бордақылау алаңының сыйымдылығын 1000 басқа дейін жеткізді.
Бүгінде шаруашылықтардың көшін бастап келе жатқан қожалықта ерекше атап өтерлігі, ірі қара малды жай бордақылап қана қоймай, одан сапалы ет өндіріп, нақтырақ айтқанда нарықта қымбат бағаланатын мраморлы (мәрмәр ет) ет өнімін өндіруде. Өндірілген өнімін қаламыздан бөлек еліміздің шет аймақтарына да жөнелтуде. Бұл қазіргі таңда мейрамханаларда сұранысқа көп ие ет түрі екені сөзссіз.
Айта кетейік қазіргі таңда мұнда ірі қара малдың мраморлы (мәрмәр) етін бере алатын тұқымдары бордақылануда. Атап айтқанда: 30%-ы «Абердин-Ангус», 30%-ы «Әулиекөл», 30%-ы «Қазақтың ақбас» және қалған 10%-ы жергілікті ірі қара мал тұқымдары.
Жеке кәсіпкер отбасылық шаруасын одан әрі жандандыру үшін алдағы жылы қоражай аумағының сыйымдылығын 1500 басқа дейін жеткізуді, сонымен бірге сапалы ет өнімінің үлесін көбейтуді жоспарлап отыр.