Баспана алуға арналған біршама мемлекеттік бағдарламалар бар. Қолма-қол қаражатқа пәтер алуға мүмкіндік болмаған жағдайда ипотекаға алып, бірнеше жыл бойы бөліп төлеу әдісі қарастырылған.«Нұрлы жер» бағдарламасының «Бақытты отбасы 2-10-20» , «5-10-20: Шаңырақ», «5-20-25» бағыттары бойынша «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтар және атында мүлік тіркелмеген барлық ҚР азаматтары екінші деңгейлі банктер арқылы «7-20-25» бағыты бойынша баспаналы болу мүмкіндігі орасан зор.
Мәселен, «Бақытты отбасы 2-10-20» бағытына тоқталсақ, егер Сіз мемлекеттік тұрғын үй қорында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған болсаңыз, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы ана, көпбалалы отбасылар санатында тұрсаңыз, бұдан бөлек толық емес отбасылар санатымен немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар санатымен кезекте тұрған болсаңыз «Бақытты отбасы 2-10-20» бағыты бойынша баспанаға қол жеткізе аласыз.
Шарты – ҚР азаматы болуы және соңғы 6 айда еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен түсетін, отбасының әрбір мүшесіне шаққанда республикалық бюджет туралы заңда бекітілген ең төменгі күнкөріс (2021 жылға-34 302 теңге) деңгейінің 3,1 еселенген шамасынан аспайтын (106 336 теңге) табысының (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды есепке алмағанда) болуы, толық емес отбасылар үшін некені бұзу сәтінен бастап 3 жылдық мерзімнің өтуі, төлем қабілеттілігін растауыңыз және тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебінде тұрған болуы керек.
Аталған бағдарлама арқылы жылдық мөлшері 2 пайыздан аспайтын алғашқы жарна 10 пайызбен, 20 жылға жаңа немесе екінші нарықтағы тұрғын үйлерді сатып алу мүмкіндігі бар.
Пәтер бағасы 10 млн теңге болса, бастапқы жарнаның 10 пайызы 1 млн деп есептеліп, ай сайынғы төлем жобамен 46 667 теңге көлемінде болмақ.
Бастапқы жарна мөлшерінің бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификатын қолдану жағдайы да қаралған. Сондай-ақ, егер ай сайынғы табыс көзіңіз жетпей жатқан жағдайда, жалақысы көп туысыңыз не жақыныңыз сізге кепіл бола алады.
«Бақытты отбасы 2-10-20» бағдарламасына қатысу үшін өтініш интернет – ресурсы арқылы беріледі.
Айта өтсек, Шымкент қаласында жыл басынан бері «Отбасы банк» тарапынан «5-20-25» бағыты бойынша кредиттік тұрғын үйлерден 339 азамат пәтер кілтін алды.
Былтыр «Отбасы банк» тарапынан кредиттік тұрғын үйлерден «Бақытты отбасы 2-10-20», «5-20-25» бағыттары бойынша 744 азамат, бұдан бөлек екінші нарықтан «Бақытты отбасы 2-10-20» бағыты бойынша 242 азамат тұрғын үй сатып алған.