Шымкент қаласының әкімі 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысын пысықтады. Мәжілісте жылдан-жылға жылыту маусымында тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағымдар саны азайып жатқандығы айтылды. Мәселен, 2019 жылы – 359 арыз-шағым, 2020 жылы 175 арыз түсіп, 49% төмендеген. Биылғы жылыту маусымында – 147 арыз-шағым түсіп, 16% төмендеді. Бұл өз кезегінде жылу жүйесінде қызмет көрсету сапасының біршама өскендігін көрсетіп отыр.
Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Болатбеков жылыту маусымына дайындық мақсатына арнайы штаб құрылып, кестеге сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады.
Қаладағы жылу жүйелерінің тозу деңгейі өткен жылдары 42,7%-дан 38,1%-ға төмендеген болса, 2021 жылы 36,2%-ға азайған. 29,3 шақырым жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылу жүйесіндегі 5 сорғы станциясы, 36 көпқабатты тұрғын үй, 22 бюджеттік нысан қысқа дайын.
Одан бөлек, қаладағы 12 дана жылу қазандықтың қысқы маусымға дайындалғаны 1 дана (К-54), қалған 11 қазандықта жұмыстар жалғасуда. Оның ішінде Нұрсат ш/а орналасқан «160 Гкал» қазандығы, «Тұран» ш/а орналасқан қазандығы және «Шым-Сити» ш/а орналасқан қазандығы 1.06.2021ж. – 30.06.2021ж. аралығында жоспарлы түрде тоқтатылып, тұтынушылар ыстық судан уақытша ажыратылады.
Жиналыс қорытындысында қала әкімі тиісті сала басшыларына дайындық жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды және атқарылған жұмыстарға тұрақты мониторинг жүргізуді жүктеді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі