Шымкент қаласында биыл 113 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 79 тұрғын үй (4832 пәтер, 281,1 мың ш.м.), 15 инженерлік инфрақұрылым нысандары, 11 білім беру, 2 абаттандыру, 3 мәдениет,1 төтенше жағдай және 2 спорт кешені бар. Бұл жөнінде қаладағы құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов @akimat_shymkent инстаграм парақшасында тікелей эфирде мәлімдеді. – Құрылыс саласында негізгі басымдық көпқабатты тұрғын үйлер құрылысына беріліп отыр. Құрылыс «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Қазіргі таңда тұрғын үй құрылысы Тұран шағын ауданы мен Әкімшілік-іскерлік орталығында атқарылып жатыр. Онда биыл 61 тұрғын үйдің (3848 пәтер) құрылысы жүргізіледі (49 үй кредиттік, 12 үй арендалық). Қалған 32 үйдің құрылысы 2022 жылға өтпелі. Ал Әкімшілік-іскерлік орталығында 6 арендалық үйдің (336 пәтер) құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл толық пайдалануға тапсырылады. Сонымен қатар, 8 коммуналдық тұрғын үйдің (432 пәтер) конкурсы аяқталып, мердігері анықталып, оның құрылысына дайындық жұмыстары басталып кетті. Сондай-ақ, Арғынбеков көшесіндегі 4 кредиттік тұрғын үйдің (216 пәтер) құрылысы жалғасып жатыр. Пайдалануға тапсыру мерзімі тамыз-қараша айларына жоспарланған, -деді басқарма басшысы. Инженерлік инфрақұрылым бойынша биыл 15 нысанда құрылыс жүреді. Жыл соңына дейін 6 нысан пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, 1 920 орынға арналған 4 мектеп пайдалануға тапсырылады. Одан бөлек, зоологиялық саябағы қайта құрылып, «Бозарық-3» шағын ауданындағы ауыр атлетикадан жасөспірімдердің спорт мектебін салу, «Қажымұқан» стадионын қайта құру және «Мәдениет орталығы» сияқты жобарлар жүзеге аспақ.