Бүгін БАҚ өкілдері Шымкенттегі бірқатар нысандарды аралау барысында Қонаев даңғылының жалғасында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының қазіргі жағдайымен танысты.
Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасовтың айтуынша, Қонаев даңғылын ұзарту жұмыстары 5 кезеңге жоспарланған.
Бірінші кезеңде Ескі қалашық маңындағы жұмыстарды «Отау құрылыс» компаниясы жүргізіп жатыр. Өткен айдан бері ескі қалашықтағы жолдың жабылғанын тұрғындар жақсы біледі. Екінші кезеңде ескі автовокзалдың маңында ұзындығы 600 метрлік тоннель салынады. Қазір онда қазу және инжинерлік-коммуникациялық желілерді көшіру жұмыстары жүруде.
Бұл құрылыс аумағында кейбір коммерциялық нысандар орналасқан. Оның жерін мемлекет мұқтаждығына алу үшін қазір түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ал сауда нүктелері жолдың үстіне түскен кәсіпкерлер үшін басқа базарлардан арнайы орындар қарастырылған. Бұл құрылыс жобасы туралы біраздан бері насихат жұмыстары жүргізіліп келеді.
– Сонымен бірге бүгінде үшінші кезеңнің жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Ол В.Терешкова көшесінен басталып, темір жолдың астынан өтіп кетеді. Қазір ол жерде де бетоннан тіреуіш қабырғалар құйылуда. Шілде айында Ресейден ұзындығы 45 метрлік үлкен балкалар келуі керек. Сол кезде теміржолдың астынан тоннель салынады. Төртінші кезеңде Бадам өзені арқылы өтетін көпір дайын тұр. Бұл аралық – 1,5 шақырым. Оның жанынан басқа көшелерге өтетін оң жақ бұрылыстар болады. Құрылыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Көпірден ары қарай Сәуле шағынауданындағы құрылыс жұмыстары бар. Ал, бесінші кезең ары қарай айналма жолға ұласып кетеді. Қонаев даңғылының құрылысы аяқталған кезде бұл нысан қалада кептелістің азаюына зор септігін тигізеді, – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, Қонаев даңғылын ұзарту жұмыстары Түркістан көшесінен Ақтасқа дейін жалғасады. Аталған нысан жалпы 18,1 шақырым 7 учаскеден тұрады.