Жаңа әкімшілік рәсімдік-процестік кодексне үшін қажет?
2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (әрі-қарай ӘРПК) қолданысқа енгізіледі. ӘРПК – мемлекеттің әкімшілік органдарының қызметін реттейтін ережелерді кодификациялау және жүйелеудің алғашқы тәжірибесі болып табылады.
Кодекс – әкімшілік рәсімдер саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге, оның ішінде мемлекеттік органдардың ведомствоішілік қызметін ұйымдастыруға және қоғамдық-құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу бойынша әкімшілік әділеттілікті жүзеге асыруға бағытталған.
Әкімшілік әділеттілік дегеніміз не?
Әкімшілік әділеттілік – бұл азаматтардың басқарушылық қатынастардан, соттық қорғаудың құқықтық институтынан бұзылған субъективтік құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың және өзге де ұйымдардың заңды мүүделерін қалпына келтірудің, мемлекеттік басқару жүйелерінде заңдылықтың сақталуын бақылаудың, туындаған (әкімшілік-құқықтық) қоғамдық-құқықтық дауларды қарау мен шешудің ерекше процедуралық тәртібі. Бұл құқықтың мемлекеттің, мемлекеттік басқару мен әкімшілік құқықтың маңызды бөлігі болып саналады.
Әкімшілік әділеттіліктің негізгі міндеті – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын әкімшілік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғауға бағытталған, яғни бір жағынан азамат, екінші жағынан әкімшілік органдар (немесе лауазымды тұлға) өздерінің орасан зор материалдық, ақпараттық, кадрлық және басқа да ресурстарымен заңды мүдделерін қорғайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 26 қаңтардағы Жарлығының негізінде қоғамдық-құқықтық даулар қаралатын мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар құрылды. Ал әкімшілік құқық бұзушылықтарды қарайтын қолданыстағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттардың атауы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар болып өзгертілді. Демек, жаңа мамандандырылған соттар өз қызметтерін ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастайды.
Сот ісі қалай жүзеге асырылады?
Әкімшілік сот ісінде Қазақстан Республикасының Азаматтық-процестік кодексінің (әрі-қарай – АПК) ережелері ӘРПК-де көзделген ерекшеліктер қарастырыла отырып қолданылатын болады.
Осылайша, жалпы конституциялық қағидалармен бірге әкімшілік әділеттіліктің мүлдем жаңа қағидаттары енгізілді, атап айтқанда, әкімшілік талғамды жүзеге асыру шегі, сенім құқығын қорғау, мөлшерлестігі және басқалар. Әкімшілік органдармен және соттармен аталған қағидаттардың қолданылуы мен олардың мазмұндары ӘРПК-де айқындалған, сондай-ақ бұл сотқа дейінгі және сот тәртібіндегі әкімшілік дауларды шешу кезінде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, бұл қағидаттар азаматтың (немесе заңды тұлғаның) құқықтары мен мүдделерін, оның мемлекеттік органдарға сенім арту құқығын, оның әділеттілік құқығын бірінші кезекке қоятыны сөзсіз.
Әкімшілік іс жүргізу шеңберінде тараптар, олардың бірі қоғамдық билік органы, өкілеттілік берілген лауазымды тұлға, ал екінші жағынан жеке немесе заңды тұлға болатын болса бастапқыда олар тең жағдайда болмайды. Осыған байланысты, соттың белсенді рөлінің қағидаты енгізілді, оның негізгі мәні соттың әкімшілік іске белсенді қатысуы болып табылады. Ол тараптар арасындағы теңдікті ұстауға және оларға теңдей мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған.
ӘРПК қолданысқа енгізілген кезде жоғары тұрған органдар мен сот органдарындағы дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін жасайды, сондай-ақ басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктердің жиынтығын біріктіреді.
Бұл не үшін қажет?
Әкімшілік әділеттілік институтының құрылуы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау үшін маңызды болып табылады, себебі ол мемлекеттік органдардың қызметінің сапасы «сот қадағалауының» арнайы механизмін құру арқылы жақсартуға, олардың шешімдері мен әрекеттерінің заңдылығы мен негізділігіне бағытталған.
ӘРПК-тің нормаларында сот шешімдерін, тараптардың татуласу туралы келісімді бекіту, медиация немесе дауды партисипативтік рәсіммен реттеу туралы ұйғарымдарды орындамағаны үшін сот елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай айыппұл салатыны көзделген, сонымен қатар сот сол актіде орындалуы бір айдан аспайтын мерзімді белгілейді. Осылайша, қоғамдық-құқықтық дауларды қараудың бұл тетігі, жоғарыда көрсетілгендей, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді және мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттырады.
Әкімшілік әділеттіліктің тиімдігін қалыптастыру үшін оны толық жүзеге асыруға ықпал ететін тиімді институттар мен тиісті органдар жүйесін құру қажет.
Біз тек әкімшілік әділеттілікті қалыптастырудың ұзақ жолының басында тұрмыз, алға қойылған мақсаттарды әрі-қарай жүзеге асыруда қиындықтар мен мәселелер туындауы мүмкін. Дегемен, Кодексте бекітілген нормалар қабылданған Кодекстің дұрыстығы мен қажеттілігіне сенімділік береді.
Б. Нұрмаханбетов
Шымкент гарнизоны
әскери прокуратурасының
аға прокуроры
әділет майоры