Жиын барысында бірқатар инвестициялық құрылыс жобаларының таныстырылымы өтті. Оның ішінде «Шымкент ақпараттық технологиялар университеті» ғылыми және білім беру инновациялық кешенін салу жобасы ұсынылды. Кешен ақпараттық технологиялар бойынша ғылыми база ретінде жасақталып, лабороториялық зертханалар ашылмақ. Мұнда 6 мың студент білім алып, жатақханамен қамтылмақ. Кешенде 600 адам еңбек ететін болса, оның 400-ден астамы – отандық және шетелдік ғалымдар болмақ.
Кешен жобасымен жіті танысқан қала әкімі М.Әйтенов бұл жобаны құрылысы қарқын алған Тұран шағын ауданында орналастыру мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.
Медицина қызметкерлеріне арналған 12 қабатты тұрғын үйлер құрылысын жүргізу мәселесі де штаб отырысында қаралып, қолдау тапты. Тұрғын үй келесі жылы алғашқы тұрғындарын қабылдайтын болады.
Шымкент сити шағын ауданында салынатын 2 заманауи жекеменшік мектептердің жобалары да қолдау тауып, құрылыс жұмыстары жақын күндері басталатын болды. «Шымкент ситиде» бой көтеретін екі оқу ордасының жалпы сыйымдылығы 2200 оқушыға арналған.
Штаб барысында бизнес санатындағы 8 көпқабатты тұрғын үйлердің жобалары таныстырылып, мақұлданды. Құрылыс жұмыстарын отандық және шетелдік құрылыс компаниялары жүргізетін болады.
Жиында сондай-ақ Таскен шағын ауданында салынатын 300 оқушыға арналған жекеменшік мектеп пен 500 орынға арналған жатақхана жобаларының таныстырылымы да өтті. Ұсынылған нысандар қолдау тауып, олардың құрылыстары да жақын күндері басталады.
Қала басшысы М.Әйтенов Шымкенттің өркендеуіне инвесторлар қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеді. Бұл әсіресе құрылыс саласының қарқын алуына негіз болып отыр деді. Сала жетекшілеріне құрылыс компанияларына жер бөлуде ауқымды жер учаскелерін бірден бөліп беруге жол бермей, олардың құрылыс жүргізу қарқынын есепке алып бөлуді тапсырды. Бөлінген жер учаскелері белгілі мерзім ішінде игерілмей бос жатса, оны қайтарып алу жөнінде механизмдер қалыптастыруды жүктеді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша штабтың алдыңға отырыстарында берілген хаттамалық тапсырмалардың ішінде 5 мәселе мерзімінде орындалмай қалғандығы айтылды. Қала әкімі мемлекеттік құрылымдар жетекшілеріне берілген тапсырмалардың барлығы мерзімінде әрі сапалы орындалуы керектігіне назар аударып, экономикаға инвестиция тарту мәселесі жайбарақаттылықты көтермейтінін мәлімдеді. Алдағы аптада инвестиция бойынша жұмыс жиыны өтетінін хабарлап, саладағы өзекті мәселелерді тағы бір мәрте пысықтау керектігін ескертті.