Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов онлайн форматта азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Онда тұрғындар инфрақұрылым, жер, тұрғын үй мен асфальт салу, қоғамдық көлік және көшені жарықтардыру жұмыстары секілді түрлі мәселелерін ортаға салды.
Солардың бірі қала тұрғыны Амангелді Ақшораев. Қала әкіміне Ынтымақ-2 шағын ауданының газ, су, көшені жарықтандыру және асфальттау жайын баяндап, аталған шағынауданның инфрақұрылым мәселесін шешіп беруді сұрады.
Тұрғынның сауалын тыңдаған қала басшысы газ мәселесі АГРС-3 нысаны іске қосылғаннан кейін, ауыз су мен электр жарығының құрылыс жұмыстары 2021 жылдың соңында аяқталып, толыққанды сапалы ауыз сумен және электр жарығымен қамтылатынын айтты. «Ал жол мәселесі шағын ауданға ауыз су және электр жарығының құрылыс жұмыстары аяқталған соң шешіледі. Ауыз су жүйелерін жүргізу барысында қазылған 22 көшеге шағал тас төсеу жұмыстарын мердігер мекеме «Асфальт» ЖШС жүргізуде. Сіздің көшеңіз аталған тізімге енгізілген. Тас төсеу жұмыстары жыл соңына дейін жүргізілетін болады»,-деді М.Әйтенов.
Өз мәселесімен келген тұрғынның бірі Мақсат Сарсенбаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арбалар бойынша инновациялық жобалар мен қайтарымсыз грант алу мәселесін көтерді. Мақсат Саркенбаевтің сауалына жауап берген қала әкімі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа (200 АЕК), алдағы уақытта қосымша қаржы бөлінген жағдайда, құжаттарын тапсыра алатынын айтты.
Қабылдауға жазылған 10-ға жуық азаматтың өтініштерін егжей-тегжейлі талдаған қала әкімі көтерілген сауалдарға байланысты зерделеу жұмыстарын жүргізіп, тиісті шаралар заң аясында қабылдауды сала басшыларына тапсырып, бірқатар міндеттер жүктеп, орындалу барысы өз бақылауында болатынын жеткізді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі