Шымкентте 74 азаматқа жалдамалы пәтер кілттері табысталды. Олардың ішінде 39 отбасы әлсіз топ санатындағы, 28 отбасы көпбалалы және жетеуі ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар санатындағы азаматтар.
Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рысжанов мәлімдегендей, биылғы жылға 976 адамды сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделген. 2021 жылдың 8 айлық қорытындысы бойынша 682 тұрғын баспаналы болды. Оның ішінде 300 жалдамалы пәтер жұмыс істейтін жастарға, 25 пәтер жетім балаларға, 176 пәтер көпбалалы отбасыларға, 181 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына берілді. Қалған 294 пәтер тұрғын үйлердің құрылысы аяқталған соң тапсырылады.
-Осы жылдың шілде айында арнайы комиссия қорытындысымен 74 әлеуметтік әлсіз топқа жататын және көпбалалы азаматтарға пәтер беру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда қала бойынша 45 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Олардың 20 мыңға жуығы мемелкеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, 8 мыңы көпбалалы аналар, 16 мыңы әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтар және 1800-і жетім балалар. Ай сайын шаһарда 600-700 адам баспана кезегіне тіркеледі. Пәтер кезегінің жылжуы қалада шамалы баяулағаны рас. Осыған орай кезекте тұрған азаматтарды тезірек баспанамен қамтамасыз ету мақсатында арнайы бағдарлама қабылданып, ол қазір талқылану үстінде. Аталған бағдарлама іске асырылған уақытта пәтер алушылар саны арта түседі деген сенімдеміз, -деді Азамат Жақыпбекұлы.