Биыл 18 732 орынға арналған 32 мектептің құрылысы жүргізіліп (12 мемлекеттік, 20 жекеменшік), жыл соңында 10 222 орынға арналған 20 мектеп (4 мемлекеттік, 16 жекеменшік) пайдалануға тапсырылады. Нәтижесінде, апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға, мектебі жоқ елді мекендер 13-тен 11-ге, оқушы толымдылығы артық мектеп 21-ден 17-ге азаяды. Одан бөлек, 4 білім мекемесі күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша бейне бақылау камералары және 115 мектепке турникет, 28 мектепке типтік үлгідегі спорт алаңшалары орнатылу жоспарлануда.
Қалалық білім басқармасы басшысы Ж.Тәжиеваның айтуынша, 2007- 2010 жылдары мектептерде химия, биология, физика, информатика пәндерінің кабинеттері жаңа үлгіде жабдықтала бастаған.
– Оқу бағдарламаларына сәйкес, оқытуға және оқуға да ыңғайлы дидактикалық материалдар, көрнекілік құралдар қорымен толықтырылды. Биыл қала мектептеріне 50 физика, 95 химия, 82 биология, 13 STEM, 23 робототехника кабинеттері жабдықталды. Осы уақытқа дейін өзекті мәселе болып келген 36 мектепке ішкі әжетханалар орнату, білім ұйымдарының ауласын жарықтандыру жұмыстары 2020 жылы толығымен шешімін тапқан. 2020 жылдың өзінде Үкімет қоры және жергілікті бюджет есебінен 47 330 (оның ішінде Үкімет қорынан – 31 160, ЖБ – 16 170) дана компьютер алынып, жалпы саны 56 556-ға жетті. Нәтижесінде, жыл басында бір компьютерге келетін оқушы саны 27-ні құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 4-ке дейін төмендеген. Ал салаға бөлінген қаржы көлемі 2016 жылы 41 млрд.-тан 3,3 есеге артып, бүгінде 134 млрд. теңгеге жетті, – дейді басқарма басшысы.
2016 жылдан бастап білім беру жүйесі жаңартылған білім беру мазмұнына көшті.