Шымкентте 1991 жылы бөлшек сауда тауар айналымы 2,3 млрд. теңгені құраған екен. Ал, 1995 жылы көтерме сауда айналымы 266,6 млрд. теңге болған. Әрине, саладан түсетін түсімнің ел қазынасына құйылатынын ескерсек, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың стратегиялық бағдарламалары бірінен соң бірі қабылданды.
Кез келген елдің ішкі нарығы сыртқа тәуелді болмаған кезде, оның дамуы мен экономикалық тұрақтылығы көтеріле бастайды. Мәселен, дамыған елдерде ішкі өндіріс, шағын және орта кәсіптің үлесі 80 пайыздан асып жығылады екен. Осы себептен де, елімізде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын ұсынып, жаппай ел ішінде бизнесті дамыту қолға алынды.
2010 жылы қабылданған «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылғаннан бері жалпы Шымкентте бұл салаға 25,5 млрд. теңге қаржы бөлініп, 2 269 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетіліпті. Алғашқы жылдары бағдарлама шеңберінде 875,3 млн. теңге бөлінген болса 2021 жылы бағдарлама бойынша 5,9 млрд. теңге бөлінген. Бұл 6 есе көп екенін білдіреді. Аталған бағдарлама шеңберінде 9,6 млрд. теңгеге инфрақұрылымы жүргізілген алғашқы маңызды индустриалды аймақтар құрылды. Қолдау тапқан жобалармен 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылып, 40 мыңға жуық жұмыс орындары сақталған. Сондай-ақ, 80,0 млрд. теңге көлемінде салық түсімдері құрап отыр.