Шымкент қаласына келуші туристерге қызмет көрсетіп, тарихи, мәдени және басқа да нысандарды таныстыратын гид-экскурсоводтардың саны артуда. Шаһарға келуші қонақтардың ең жиі баратын нысандар қатарына ең алдымен қонақ үйлер, тамақтандыру орындары және демалыс аймақтары кіреді.
2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген, көне және қасиетті орындарға бай қала болып саналады. Мәселен, Шымкент қаласында тарихи-мәдени орындар тізіміндегі ескі қалашық аумағындағы «Цитадель» қорғаны, Ибрагим ата және Қарашаш ана кесенелері, Мәртөбе, Хызыр мұнарасы, «Қылует» этно-музейі, Қошқар ата кесенесі, Дәуітұлы Шыңғысбай қажы сынды тарихи нысандар жетерлік.
Аталған тарихи орындарға Қазақстанның өзге қалаларынан және шет елдерден келуші азаматтар қатары көбейген. Олар міндетті түрде қаланың көрікті жерлерімен қатар тарихи орындарын да тамашалайды. Сол себепті, оларға қызмет етер гид-экскурсоводтарға да ерекше назар аударылған.
Шымкент қаласының Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының мәліметіне сәйкес, қалада 60-тан аса гид-экскурсовод бар. Олар қазақ тілімен қатар, орыс, ағылшын, түрік, неміс, испан тілдерін жетік меңгерген. Мамандардың айтуынша, қалаға келушілердің басым бөлігі ағылшын және түрік тілдерінде жиі ақпарат сұрайды. Бұл статистика Шымкент қаласына түріктер мен европалықтар жиі келетінін аңғартады.
Айта кетерлігі, басқармаға қарасты «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы жыл сайын гидтердің біліктіліктерін арттыру мақсатында бірнеше семинар-тренинг өткізеді. Одан өзге, орталықтың Visit-Shymkent.kz интернет порталында «гид-экскурсоводтар» бөлімі арқылы олардың қызметі туралы толық анықтама алуға болады, яғни, кез-келген турист порталды ашып, қалаған саяхатты таңдай алады.
Шымкент қаласына келген әрбір қонақ шаһардың көркем жерлерін, тарихи-мәдени ескерткіштерін және табиғаты мен халықтың тыныс-тіршілігімен танысуға қызығып, гидтар мен аудармашылардың қызметіне сұраныспен жүгініп отырады.