Бүгінде елімізде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен кең ауқымды, сан салалы әрі күрделі реформалар жүріп жатыр. Реформалардың ауқымдылығы соншалық, ол мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мен ұлттық экономиканың құрылымын өзгертіп, оны әртараптандырудан бастап, қоғамдық сананы түбегейлі өзгертіп, ұлттың өзін жаңа сапаға көтеруге дейінгі міндеттерді тұтастай қамтиды.
Мұндай кең ауқымды реформаларды, дұрысы, ұлттық модернизацияны сәтті жүзеге асыру үшін құқықтық базаның жасақталуы, әкімшілік және қаржылық ресурстардың болуы жеткіліксіз. Ол үшін көшбасшының саяси ерік-жігерімен қатар, қоғамның өзінің де дамуға, өркендеуге, жаңғыруға деген ұмтылысы, құлшынысы болуы тиіс. Ел дамуының қозғаушы күшіне айналар мұндай құлшыныстың қайнар көзі, әрине, жастар. Демек, Тәуелсіздік кезеңінде өсіп-жетілген санасы сергек, рухы асқақ, ойы еркін әрі білімі мен білігі келіскен жастарды ел ісіне араластырмайынша, олардың жастық жалыны мен күш-қайратын ел мүддесі жолына дұрыс бағыттамайынша ұлттық модернизацияны іске асыру әсте мүмкін емес.
Осыны ескерген Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадрлық резервін жасақтау туралы идея ұсынған болатын. Президент мұндай бастаманы алғаш рет өзінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасында айтқан болатын. Сөйтіп, 2019 жылы жобаның алғашқы іріктеуі өтіп, оған бүкіл елімізден 13 мыңнан астам азамат қатысқаны белгілі. Нәтижесінде ең лайықты деген 300 жас іріктеліп алынды. Сол кезде резервшілермен кездескен Қасым-Жомарт Кемелұлы «Президенттік жастар резервінің негізгі көздеген мақсаты — мемлекеттік басқару аппаратын жетілдіру және басшылардың жаңа буынына жол ашу. Бүгінгі жастар мемлекеттік басқару жүйесінің болашағы. Әрқайсыңыздан елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтеміз» деп, оларға зор сенім артқан болатын.
Бұл резервке 35 жасқа толмаған, жан-жақты дайындалған, білікті әрі Отансүйгіш жастар іріктеп алынады.
Оған ілінгендер экономикалық және қаржылық саясат, әлеуметтік саясат, инфрақұрылымды және қызмет көрсету салаларын, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және қоршаған ортаны қорғауды дамыту, сыртқы және ішкі саясат, құқықтық саясат бағыттары бойынша басшылық қызметтерге тартылады. Нақтырақ айтар болсақ, министр мен оның орынбасары, облыс және республикалық маңызға ие қалалардың әкімі, орталық мемлекеттік органдардың басшысы, ұлттық компаниялар мен ұлттық басқарушы холдингтердің басқару кеңесінің мүшесі немесе төрағасы болып тағайындалауы мүмкін. Яғни, президенттік жастар кадрлық резерві бір жағынан білімді де білікті жастардың қызметтік өсуіне мүмкіндік беретін әлеуметтік лифт болса, екінші жағынан бұл мемлекеттік басқару жүйесінде буын алмасу процесін үйлесімді түрде жүзеге асырып, басқару аппаратының бойына қан жүгіртуге, сөйтіп жаңа формация басқарушыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Дана халқымыз «Жас келсе іске» деген нақылды текке айтпаған. Тап осындай жас, қайратты, іскер әрі жаңалықты тез қабылдауға бейім басқарушылар ғана қысқа күнде қырық құбылған қазіргі заманның жаңа сипатты сын-қатерлеріне жауап беріп, елімізді өркениетті дамудың көшіне ілестіре алады.
Бұл жобаның тағы бір ұтымды тұсы жас мамандар резервте тұратын үш жылдың ішінде лауазымды қызметке тағайындалуы шарт емес. Есесіне, осы мерзім аралығында олар Назарбаев Университетінде, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында немесе оның филиалдарында оқып, білімі мен біліктілігін арттыруға, тұлғалық дамуға мүмкіндік алады.
Аталған резерв жасақталған екі жылға жуық уақыттың ішінде оған мүше болған жастар орталықта да, өңірлерде де жауапты қызметтерге тағайындалып, ел дамуы жолында адал әрі табысты қызмет етіп келеді. Биыл 1 қыркүйектен бастап резервке екінші рет іріктеу басталды. Бұл жолы оған республика бойынша 50 адам қабылданады деп жоспарланған. Биылғы іріктеудің бұрынғысынан екі үлкен айырмашылығы бар екенін айта кеткен жөн. Біріншіден, бұл жолы үміткерлер мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін дәлелдеуі қажет. Ол ұлттық стандарттарға сәйкес орташа деңгейден (В1) төмен болмауы тиіс. Яғни, үміткерлер қазақ тілінде ойын еркін жеткізіп, сауатты жазып, азаматтардың сұрақтарына мүдірмей жауап беріп, олармен ашық диалог құра алатындай болуы міндетті. Бұл халықтың ойые дөп басқан, қоғамдық пікірді ескере отырып белгіленген орынды талап деп ойлаймыз. Тәуелсіз Қазақ еліне қызмет етуді ойлаған, оның мемлекеттік басқару жүйесінен орын алуды көздеген азаматтан қазақ тілін білуді талам етудің ешқандай сөкеттігі жоқ.
Биылғы іріктеудің екінші бір ерекшелігі үміткерлердің білімі мен біліктілігі, дағдысы мен қабілеті ғана бағаланбайды, сонымен қатар олардың шынайы мотивтері мен ниеттері де сараланады. Яғни, президенттік жастар кадрлық резервіне енетін азамат мемлекеттік қызметке карералық өсудің, жеке табысқа жетудің немесе баюдың құралы ретінде қарамауы тиіс. Қара басының қамынан туған халқының тілегі мен мемлекеттің мүддесін биік қоятын мемлекетшіл, Отаншыл жастарды іріктеп алу көзделген. Міне, осындай ары мен қолы таза жастар ғана біз сөз басында айтқан ұлттық модернизацияны жүзеге асыруға, Қазақстанды дамудың сапалық тұрғыда жаңа деңгейіне көтеруге мол септігін тигізе алады.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» қағидасы бойынша, халық үніне құлақ асатын мемлекеттік басқару жүйесін құруды мақсат етіп отырғаны белгілі. Бұған қол жеткізуде жан-жақты ойластырылған, ұтымды кадр саясатын жүргізудің маңызы зор. Президенттік жастар кадрлық резерві сол саясаттың маңызды бөлігі деуге болады. Олай болса, жүзден жүйрік атанып, резервке алынған жастардың елді дамыту жолында жемісті қызмет етеріне сенеміз.
Бахадыр НАРЫМБЕТОВ, Шымкент қалалық маслихатының хатшысы.