Келер жылы Шымкентте жұмыс істейтін шетел жұмыс күшіне 501 квота бөлінбек. Бұл шетел жұмыс күшіне квота белгілеу мақсатында жұмыс берушілердің сұранысы барысында белгілі болады. Осы мәселелер туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен өткен кездесуде мәлім болды.
Кездесуде басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова шетел жұмыс күшін тартудың тиімділіктерін атап өтті.
– Шетелдіктерге ел аумағында жұмыс істеуге рұқсат беру және жұмыс істеу мерзімін ұзарту тәртібі мен шарттарын айқындау мақсатында жұмыскерлердің 4 түрлі санаты белгіленген. Біріншісі – басшылар және олардың орынбасарлары, келесісіне құрылымдық бөлімшелердің басшылары, одан кейінгі санатқа мамандар жатса, соңғысы – білікті жұмысшылар. Осыған орай, қаламызда жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде 2022 жылға 41 шетел жұмыс күшін тартатын мекеме 914 шетел жұмыс күшіне сұраныс жасалып, сұраныс жасаған мекемеге келер жылы 501 квота қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілді.-деді басқарма басшысы.
ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 15 желтоқсандағы №802 қаулысына сәйкес жұмыс берушілер жыл сайын 1 қазанға дейін шетелдік жұмыскерлердің еңбек қызметін жүзеге асыруы орны бойынша шетелдік жұмыс күшінің қажеттілігі жөніндегі өтінімдер ұсынады. Ұсынылған өтінімдердің негізінде шетелдік жұмыс күшіне квота қалыптастырылды.
Айта кетсек, Шымкент қаласына биыл жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға 322 бірлік квота бөлінді.
Бүгінде бөлінген квота негізінде 31 шетел жұмыс күшін тартқан кәсіпорындар мен ұйымдарда 237 шетел азаматтарының рұқсаты іске асырылса, осы мекемелерде 12409 ҚР азаматтары жұмыс жасауда. Қазақстандық қамту пайызы 98,1 пайыз. Тартылған шетел жұмыс күшінің білікті мамандарының үлесі 96,2 пайыз. Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені үшін және ұзартқаны үшін жыл басынан бері 81,9 млн теңге алым жергілікті бюджетке түсті.