Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова қала әкімдігінің «Instagram» парақшасында өткен тікелей эфирде әлеуметтік қорғау саясатының жүзеге асырылуы мен халықты жұмыспен қамту бағыттарының нәтижелерін баяндады.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде 21 954 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, нақты 9 айдың көрсеткіші бойынша 19 462 адам жұмыспен қамтылған.
Нақтырақ айтқанда, бағдарламаның І бағыты бойынша 2675 адам 3 айлық кәсіптік оқыту курстарына, ІІ бағыты бойынша 2 155 адам «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік курсына оқытуға жолданды. 53 адамға шағын несие, 584 адамға мемлекеттік грант берілді.
Бағдарламаның ІІІ бағыты бойынша (халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу) 8 168 адам бос және жаңа жұмыс орындарына, 336 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 2531 адам жастар практикасына, 2845 адам қоғамдық жұмысқа, 115 адам «Алғашқы жұмыс орындары» жобасы бойынша 24 айға жолданды.
Қыркүйек айында «Арбат» алаңында жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге қаладағы 50-ден аса жұмыс беруші кәсіпорындар мен мекемелер қатысып, 9 мыңға жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Нәтижесінде тұрақты жұмысқа 790 азамат, «Жастар практикасы» бағдарламасымен 121 жас жолдама алды.
Шаһарда халықты әлеуметтік қорғау бағытында да жүйелі іс-шаралар атқарылуда. 2021 жылдың І тоқсанында 36 969 отбасыға (179 209 адам), ІІ тоқсанда 30 962 отбасыға (149 147 адамға), ІІІ-тоқсанда 19 333 отбасыға (90 177 адамға) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төленді.
Сондай-ақ, басқарма басшысы арнаулы әлеуметтік қызметтер, азаматтық құқықтық актілерін тіркеу, көші-қон мәселесі және қандастармен жұмыс істеу, ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген азаматтарды қолдау іс-шараларынан хабардар етіп, тұрғындар сауалына жауап берді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі