Шымкент қаласы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Аялы алақан» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы ашылды.
Орталық басқармаға қарасты «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығы» КММ ішінен ашылып отыр. Онда тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар 18 жасқа дейінгі балаларға толық стационарлық жағдайда әлеуметтік, тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық қызмет түрлері көрсетіледі.
Ашылу іс-шарасына қалалық мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, «Nur Otan» партиясының қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Бектаева, «Nur Otan» партиясының орынбасары Б.Тулегенов, қалалық мәслихат депутаты Т.Султанова, Абай ауданының әкімі Б.Парманов, қалалық «Nur Otan» партиясы филиалы жанындағы Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес төрағасы Б.Куанышбеков қатысты.
– Әлеуметтік және зайырлы қоғамның басты міндеті – ерекше жағдайдағы азаматтар мен балаларға қолдау көрсету. Осыған орай, «NurOtan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың ем алуына қолайлы жағдай туғызу мақсатында бүгін мүгедек балаларды оңалту орталығының жаңа ғимаратын пайдалануға беріп отырмыз. Мұнда ерекше жағдайдағы балаларды қоғамға әлеуметтік бейімдеу және оңалту жұмыстары жүргізіледі. Орталықта стационар жағдайда 40-қа жуық балаға дейін қызмет көрсетеді, – дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова.
Айта кету керек, медициналық-әлеуметтік мекеме ем-шаралық, спорттық және өзге де қызмет көрсететін бөлмелермен жабдықталған. Демек, бұл нысан балалардың психологиялық және физикалық тұрғыдан қабілеттерін дамытуға арналған ем-дом шараларына мүмкіндік беретін оңалту орталығына айналғалы тұр.
Жалпы, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 8 арнаулы әлеуметтік орталықтар бар. Есепті кезеңге 2 094 адам оңалту шараларымен қамтылуда. Оның ішінде: стационар жағдайда –835 азамат, жартылай стационар жағдайда – 312 азамат, үйде қызмет көрсету жағдайда – 718 азамат.
Мекен-жайы: Шымкент қаласы, Самал-3 м.а 1928/1