Үшінші мегаполисте мерекелік жиын өтті. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма ұйытқы болған салтанатты іс-шара ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналды. Жастар орталығына 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар жиналып, азаттықтың ақ таңын жаққан сол оқиға туралы деректі фильмді тамашалады.
– Құрметті Желтоқсан оқиғасына қатысушылар! Биыл – ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы, сондай-ақ, егемендік жолымыздағы ерен жағдай – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толып отыр. 30 жыл ішінде жас мемлекетіміз қаншама жетістікке қол жеткізді. Экономикалық тұрғыдан кемелденген, саяси ұстанымы сарабдал, бәсекеге қабілетті, өзіндік басқару жүйесі мен мәдениеті қалыптасқан, әлем елдері санасатын қуатты мемлекетке айналды. Еліміздің осы дәрежеге жетуіне қосқан үлестеріңіз зор. Сіздердің сол кезде көрсеткен батылдықтарыңыз бүгінгі жас ұрпаққа үлгі. Біз желтоқсаншылардың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Баршаңызды Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын! Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жарқын, келешегі кемел болсын! – деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұратжан Шотанов.
Мерекелік жиында Желтоқсан оқиғасына қатысушылар марапатталды. Саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде танылған және ақталған азаматтардың кеудесіне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік медальдар тағылды. Ал бірқатар азаматқа Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты табысталды. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.