Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бағытында Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев әр аптаның сейсенбі күндері тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдайды. Бұған қоса, Президент Жарлығына сай, тоқсан сайын аудан әкімінің әр елді-мекен тұрғындарымен кездесулері өткізіліп, тұрғындардың өзекті мәселелері жеке қабылдау кезінде талқыланып, шешілу жолдары қарастырылды.
Сонымен қатар, аудан халқының билікке сенімін нығайтып, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдармен нақты іс-шаралар жүргізілуде.
Бүгін, аудан әкімі Төлеген Телғараев жұмыс кестесіне сай, тұрғындарды жеке және ортақ мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген азаматтар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оны заң аясында шешу жолдары талқыланды.
Бірінші Мамыр ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер М.Мирсидиков бал арасын өсіруімен айналысатынын, кәсібін кеңейтуді қолға алғанын, ол үшін омарталарды қосымша орналастыратын арнайы жер қажет екенін айтып, көмек сұрады. Аудан басшысы ауыл экономикасын көтеруге ат салысып жүрген азаматқа заң аясында қолдау көрсету жолдарын қарастыратынын айтып, сала басшыларына қосымша зерделеуді тапсырды.
Кемеқалған ауылдық округі Қаратөбе ауылы Сапарәлі Мүсірбаев Ақбосаға көшесінің жөндеу жұмыстарына қатысты сұрақ қойып, тас төсеп беруді өтінді. Аудан әкімі биылғы жылы аудандық бюджет есебінен Қаратөбе елді мекеніндегі 2,92 шақырымды құрайтын Ақбосаға, Ақбура, Ынталы көшелерін жөндеу үшін арнайы қаржы қаралып, мердігер мекеме «СТ сервис» ЖШС жұмысын бастағанын, жолдың құрылысы 2024 жылы аяқталатынын түсіндірді.
Шымкент қаласының тұрғыны Е.Жүзбаев Алатау ауылдық округіндегі таулы аумақта өзінің жекеменшік жері бар екенін айтып, оның нысаналы мақсатын өзгертуді сұранды. Аудан басшысы аталған мәселемен таныс екенін, саяжай құрылысы үшін берілген жердің мақсатын өзгерту үшін арнайы комиссияға ұсынылғанын, оның шешімі хат жүзінде жолданатынын жеткізді.
Қала тұрғыны Л.Асанова аудандағы бірқатар мекемелерге қызметтік хат жолдағанын, ресми жауап кешігіп жеткенін, ҚР «Бұқаралық ақпарат туралы» Заңының талаптары бұзылғанын айтты. Аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы сала басшыларына орын алған кемшіліктерді реттеп, оның қайталануына жол бермеуді ескертті.
Тәжік Ауған соғысының ардагерлері І топ мүгедектігі бар азаматқа кезексіз пәтер бөлуді сұранып, жылына бір рет берілетін жәрдемақыға қатысты сұрақтар қойды. Аудан әкімі көпқабатты үйлердегі пәтерлер «Тұрғын үй қатынастары» туралы Заңына сәйкес барлық санат негізінде тек кезекпен берілетінін, ал тұрғын үйге арнайы жер бөлу үшін ауданда 5 елді мекенде (Көксәйек, Зертас, Бірінші Мамыр, Қаратөбе, Қайнар) тұрғын үй салуға жер телімдерімен (217 гектар) қамту үшін инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылыстары жүргізілуде екенін түсіндірді. (ауыз су, электр жүйесі, газ). Нәтижесінде, 1 мыңнан астам (1 007) жер телімі беріледі. Қазіргі кезде 44250 адам жер телімінде кезекте тұр. Сондай-ақ, Облыстық бюджет есебінен Қапал батыр көшесіндегі 5 қабатты 48 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысын бастуға 60 млн теңге қаржы қарастырылды. Жоба құны 2 млрд 551 млн теңге. Сонымен қатар, халықтың осал топтарына арналған 20 пәтерге 192 млн теңге қаржы бөлініп, бүгінде үйлерді сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Төлеген Тұртайұлы қабылдауда көтерілген әр мәселе жіті бақылауыда болатынын, барлық мәселенің заң аясында шешілетінін айтып, өтініш, талаптарын жазып алды.