Бүгін Бәйдібек ата елді мекеніндегі мәдениет үйінде аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов Алмалы ауылдық округі тұрғындарымен кездесті.
Кездесу жиынында округке қарасты Жарықбас, Алмалы, Бәйдібек ата елді мекендерінің тұрғындары өзекті деген бірқатар мәселелерді аудан әкіміне жеткізіп, ұсыныс пікірлерін айтты.
Алмалы ауылының ауыз суы, көше жарығы, Бәйдібек ата ауылындағы Ақтау көшесінің жарығы мен көпір салу, балалар ойын алаңшасына штат бірлігін қарастыру, ұялы байланыс желісінің төмендігі, жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан спорт кешенін аудан орталығындағы спорт мектебінің есебіне беру, Жарықбас елді мекенінен балалар және спорт алаңшаларын соғу, Жаңаталап пен Жарықбас елді мекенін жалғайтын топырақ жолға тас төсеу, ФАП-тың жылуы және басқа да бірқатар мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, жауаптар берілді.
Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов азаматтармен жеке қабылдау өткізіп, бүгінгі жиында үш елді мекен тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелерді аралап көрді. Жауапты мамандармен талқылап, орындалуы бойынша зерделеу жүргізіп, нақты ұсыныс беру жөнінде тапсырма берді.
Жалпы аудан әкімінің Алмалы ауылдық округі тұрғындарымен өткен жиынында айтылған ұсыныс-пікірлер мен өтініштер назарға алынып, кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Алмалы ауылдық округіндегі өткен есепті жиынына облыстық мәслихаттың депутаты Ғ.Қапалбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, халық қалаулылары, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, округ тұрғындары қатысты.
Айта кетсек, жжуырда ауданға жаңадан әкім болып сайланған Ерлан Нұрмаханов 1973 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданы, Шаян ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ химия-технология институтын – инженер-құрылысшы, 2005 жылы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін – заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1994 жылы баспа саласындағы кәсіпкерлік қызметтен бастады. 2002 жылы полиграфия өнімдерін басып шығару және таратумен айналысатын «ERNUR-press» ЖШС-нің негізін қалады. 2007 жылдан бастап «ERNUR» корпорациясы ЖШС-нің директоры қызметінде. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының ІV және V шақырылымының, Түркістан облыстық мәслихатының VІІ шақырылымының депутаты қызметін атқарды. Қазіргі уақытта «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі.
Өз кезегінде Ерлан Нұрмаханов сенім артқан жергілікті тұрғындар мен аймақ басшысына алғысын айтып, ауданның дамуына бар күш-жігерін салатынын жеткізген еді.