Аудан әкімі Ерлан Нұрмахановтың тұрғындармен кездесуі Ақбастау ауылдық округінде жалғасты.
Аудан әкімінің орынбасары Берік Тұрлыбеков ағымдағы жылы Ақбастаулық тұрғындармен өткен 3 есепті кездесуде округтің маңызды 10 мәселесі көтеріліп, бүгінгі күнге нақты 5 мәселе өз шешімін тапқанын. Қалған 5 мәселені шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығынан хабардар етті.
Ашық, еркін, сұрақ-жауап форматында өткен кездесуде ортақ жайылым, ағын су, спорт кешені мен балалар ойын алаңшасын салу, ауыз су және әлеуметтік мәселелер қозғалды. Қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар беріліп, зерделеуді қажет ететін бірқатар мәселелер бойынша аудан басшысы жауаптыларға тапсырма жүктеді.
Ерлан Нұрмаханов жиыннан кейін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Биылғы жылы Ақбастау ауылындағы көшелерге жүргізілген жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Мердігер мекемеге ескерту жасап, орын алған кемшіліктерді шұғыл ретке келтіру жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар Ерлан Заипұлы балық өсіруді қолға алған кәсіпкердің шаруашылығымен танысты. Кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, қолдау білдіретінін жеткізді.
Айта кетсек, жжуырда ауданға жаңадан әкім болып сайланған Ерлан Нұрмаханов 1973 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданы, Шаян ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ химия-технология институтын – инженер-құрылысшы, 2005 жылы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін – заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1994 жылы баспа саласындағы кәсіпкерлік қызметтен бастады. 2002 жылы полиграфия өнімдерін басып шығару және таратумен айналысатын «ERNUR-press» ЖШС-нің негізін қалады. 2007 жылдан бастап «ERNUR» корпорациясы ЖШС-нің директоры қызметінде. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының ІV және V шақырылымының, Түркістан облыстық мәслихатының VІІ шақырылымының депутаты қызметін атқарды. Қазіргі уақытта «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі.
Өз кезегінде Ерлан Нұрмаханов сенім артқан жергілікті тұрғындар мен аймақ басшысына алғысын айтып, ауданның дамуына бар күш-жігерін салатынын жеткізген еді.