Келес ауданының Бірлік ауылдық округінде электр бағаналары мен трансформаторларын ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Нәтижесінде «Vek stroy com» ЖШС тарапынан Бірлік елді мекендегі электр бағаналары мен трансформаторларын ауыстыру бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал Жаңатіршілік және Үшағаш елді мекендеріндегі жүргізілетін құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы бөлдіруге ұсыныс берілді. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Бірлік ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді.
Аудан әкімі алдымен өткен кездесулерде көтерілген мәселелердің шешім жолына тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, алдыңғы кездесулерде жалпы 10 мәселе көтеріліп, орындалуы бойынша арнайы ісшара жоспары істелген. Сол қатарда Бірлік ауылдық округінің Жаңатіршілік, Үшағаш, Қосөткел, Бірлік елді мекендеріне және Ошақты ауылдық округінің Саттаров, Ынталы, Қаратал, Бақышсай, Атақоныс, Жиделі елді мекендеріне тартылатын газ құбырларын салу нысаны бойынша сараптама қорытындысы алынған. Бүгінгі таңда республикалық бюджетке сұраныс жіберілді.
Үшағаш елді мекеніне 150 орындық мектеп құрылысын жүргізу үшін сметалық құжаттары жасақталып, қаржы қарау мақсатында салалық басқармаға сұраныс жіберілді. Биыл облыстық бюджет есебінен Келес ауданында екі мектептің құрылысы басталды. Тағы қосымша 4 мектептің құрылысын жүргізу үшін қажетті шаралар қабылдануда. Ал Қосөткел ауылында жер асты су барлау жұмыстары атқарылып жатқан болса, Жаңатіршілік елді мекеніндегі Жаңағасыр көшесіне, Үшағаш елді мекеніндегі Т.Тәжібаев-1 көшесіне, Қосөткел елді мекеніндегі Шұғыла көшесіне шағал тас төселді.
Кездесу соңынан жергілікті тұрғындар көкейіндегі сауалын аудан басшысына жолдап, жауаптарын алды. Көтерілген мәселелердің арасында уақыт талап ететін түйіткілдерді шешу үшін арнайы ісшара жоспары бекітілді.