Биыл түркістандықтар үшін күзгі жиын-терім науқаны табысты болды.
Атап айтсақ, жылдан-жылға құрғақшылық қысып бара жатса да оңтүстіктің дихандары шаруасын тоқтатпай жүргізіп, заманауи технологияларды тиімді пайдала отырып, кәсібін жақсы дөңгелетуде. Айталық, биыл 870,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өткен жылдан 9 мың гектарға артты.
Мәселен, көкөніс, бақша, картоп дақылдары бойынша өнімділікті арттыру есебінен рекордтық 3,3 млн тонна өнім жиналған. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында белгілі болды.
Отырыс барысында салада қандай мәселелер, жоспарлар бар? Жыл қалай қорытындыланды? Бұл сұрақтар аталған жиында талқыланды.
Жауаптылардың төрт көзі түгел жиналған жиында облыс әкімі өзі берген тапсырмаларды тағы бір нақтылап, алдағы уақытта атқарылар жұмыстарды талқылады.
– Ауыл шаруашылығы – облысымыздың негізгі драйверлерінің бірі. Ізденісті тоқтатпау керек. Су үнемдеу технологияларын қолдану, егістікті әртараптандыру аса маңызды. Бекітілген индикаторға қол жеткізе алмаған аудандарда жұмысты күшейткен жөн. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, экспорттық әлеуетті көтеру және азық-түлік тапшылығының алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі атқарылсын, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, өңірде егістікті әртараптандыру, су үнемдейтін дақылдар алқабын көбейту жұмыстары дұрыс жолға қойылған. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде масақты дақылдар 10 мың гектарға артып, 273,4 мың гектарға егілген және одан 493 мың тонна өнім жиналды. Майлы дақылдар 6 мың гектарға артып, 83,2 мың гектарға егілген. 83 мың тонна өнім жиналса, малазықтық дақылдар 2 мың гектарға артып, 5 млн тонна мал азығы дайындалған. Жоспар артығымен орындалды. Бір ерекшелігі, көкөніс, бақша, картоп дақылдары 2 мың гектарға қысқартылған. Бірақ өнімділікті арттыру есебінен рекордтық 3,3 млн тонна өнім жиналған. Мақта дақылы 15 мың гектарға қысқартылып, 300 мың тонна мақта алынды.
Облыстың оңтүстік өңірлерінде мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері, бұршақты дақыл және малазықтық дақылдармен алмастыру арқылы ауыспалы егістікті ендіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл бағытта дәндік жүгеріні өткізу нарығымен қамтамасыз ету мақсатында Шардара ауданының индустриалды аймағындағы 35 гектар аумаққа құны 32 млрд теңгені құрайтын «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылуда. Түркия және Франция елдерінің технологиясы қолданылған жобаның бірінші кезеңі аяқталып, тауар өндірушілерден 2 мың тонна дәндік жүгері қабылданды.
Облыста минералды тыңайтқыштар алу үшін 10 575 агроқұрылымға 6,3 млрд теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Пестицидтер мен биогенттер алу үшін 275 агроқұрылым 60 млн теңгеге мемлекеттік қолдауға ие болды. Сонымен бірге тұқым, жанар-жағармай бойынша да шаруаларға тиісті көмек берілген.